Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілдері Отырар ауданына барды. Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебінде білім саласының, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің басын қосты.
150 адам жиналған жиында ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымының төрағасы, сенімді өкіл Бақыт Еркінбек, Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрайымы, үміткердің сенімді өкілі Гүлдар Есебаева қатысты.
Белсенділер азаматтарға үміткердің өмірбаяны мен сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Тұғырнамаға сүйенген сенімді өкіл Бақыт Еркінбек «кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады» дей келе осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталатынын жеткізді. Үміткер бағдарламасымен танысып шыққан білім саласының өкілдері насихат тобына түрлі сауалдар жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Сондай-ақ сенімді өкілдер кәсіподақ туралы және кандидат А.Таспиховтың бағдарламасына қатысты оң ой-пікірін білдірді. 2,2 млн. астам кәсіподақ мүшесі бар еліміздегі ең ауқымды ұйымның еңбек адамының мәртебесін көтеруде атқарып жатқан ауқымды шаруаларын ортаға салды.Шара соңында сенімді өкілдер үгіт-насихат жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып отырған кандидатты қолдау мақсатында ашылған Отырар аудандық штабының төрағасы Қасым Егербердіні құттықтап, оларды үміткер атынан алғыс хатпен марапаттады.