ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілдері үгіт-насихат кездесулерін ұйымдастыруда барлық сала өкілдерін қамтып келеді. Кезекті басқосу бүгін «Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында» өтті.
Кітапхана ұжымымен өткен басқосуда «Қазақстандық салалық, мәдениет спорт, туризм және ақпарт қызметкерлерінің кәсіптік одағының» төрағасы, А.Таспиховтың сенімді өкілі Бастарбек Пірімбетов сөз сөйлеп алдағы сайлаудың маңыздылығын түсіндірді. Азаматтарды кандидаттарға дауыс беруде белсенді болуға шақырды.
Кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырған сенімді өкіл Бастарбек Пірімбетұлы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру, ұжымдық шарт жасасу сынды қоғамда маңызға ие мәселелерге қатысты үміткер ұстанымдарын жеткізді.Тұғырнамаға сүйене отырып ол «кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады, себебі осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталады» дей келе кандидат ұсыныстарын талдап берді.
Сөз соңында кітапхана директоры Зарина Парымбекова сайлауға қатысты өзінің пікірін білдіріп, 2,2 млн. астам кәсіподақ мүшесі бар еліміздегі ең ауқымды ұйымның еңбек адамының мәртебесін көтеруде атқарып жатқан ауқымды шаруаларын ортаға салды.