ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

“«Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” Қызылорда облысы филиалы ұйымдастыруымен сала мекемелерінде сайлауалды үгіт-насихат шаралары жалғасуда. Президенттікке үміткер А.Таспиховтың Қызылорда өңірлік штабы басшысы Серік Сермағамбетов және денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы төрағасы Асылхан Абылайханұлының Қызылорда қалалық ауруханасы ұжымымен кездесуі өтті. ​

Кездесу барысында Серік Сермағамбетов ҚР Президенттігіне кәсіподақтардан кандидат А.Таспиховтың өмірбаяны және сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, барша қызметкерлерді алдағы сайлауда белсенділік танытуға шақырды. Ақ халаттылар еңбек өнімділігін жоғарылығын, сапасын қамтамасыз ету, жұмыс уақытын тиімді пайдалану, мамандардың білімін жетілдіру, білім алуына жағдай жасау туралы мәселелерді ортаға салып талқылады.

Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің облыстық салалық кәсіподақ ұйымы төрағасы Асылхан Абылайханұлы сала қызметкерлерін кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында орын алған бюджеттік мекемелер, оның ішінде дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысын көтеру мәселесі, еңбек қауіпсіздігін жақсарту мәселелері, қызметкерлердің денсаулығын қорғау, кәсіби аурулардың алдын-алу жағдайлары қызықтыратындығын және бұл мәселелерді шешу бағытындағы кандидат талаптары, алдағы межелері қызметкерлер ​ арасында ​ қолдау табады деген ойын жеткізді.

Қызылорда қалалық ауруханасында 341 қызметкер жұмыс істейді, барлығы да кәсіподақ мүшелері, бүгінгі кездесуге 50 адам қатысып, А.Таспиховтың үгіт-насихат материалдарын алды.