ТІГІН ЦЕХЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Президенттікке үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабының ұйымдастыруымен тігін цехында сайлауалды кездесу өтті.

Шымкент шаһарындағы жеке кәсіпкер Сапарбек Абдиевтің киім тігу цехында өткен жиынға 88 адам қатысты. Жүз шақты адамға екі қолға бір күрек ұсынып отырған кәсіпорын түрлі ерлер, әйелдер, балаар киім үлгілерін тігіп, жергілікті нарыққа және еліміздің өзге де аймақтарына тауар жөнелтуде. Кездесу жиынын мекеме басшысы Сапарбек Абдиев ашып, елімізде өтетін сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп, әріптестерін дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың бағдарламасымен таныстыру үшін «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Әуесханов Серік Елемесұлына сөз берілді.

Серік Елемесұлы үміткердің өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды. Тұғырнамаға сүйене келе үміткердің сенімді өкілі еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады деді. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондай-ақ сенімді өкіл алдағы сайлаудың халықтың болашағы үшін өте маңызды екенін ескеріп, бірауыздан сайлаудан тыс қалмай қатысуға шақырды.