Сайлау күні жақындаған сайын саяси науқан да қыза түсуде. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері халықты алдағы сайлаудан қалыс қалмай, дауыс беруге шақырып жүр. Барлық үміткердің негізгі мақсаты – өз бағдарламасындағы ақпаратпен мүмкіндігінше көп адамды қамтып, үгіттеу жұмыстырының аясын кеңейту.
Кеше кандидат А.Таспиховтың сенім өкілдері Жуалы ауданында болып, педагогикалық қызметкерлермен кездесіп, емен-жарқын сұхбат құрды.
Жиын барысында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, А.Таспиховтың сенімді өкілі Ерұлан Мағзымбеков сөз алып, жиналған қауымға кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын кеңінен таныстырып, түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді. Атап айтқанда, Сенат пен мәжіліс депутаттығы кезінде көтерген мәселелері, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, лайықты жалақының төленуіне, жұмыскерлерге қауіпсіз жағдай жасауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
– Амангелді Таспиховтың тұғырнамасында еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға басымдық берілген. Бүгінгідей нарықтық экономика дамыған дәуірде жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігі, лайықты еңбекақы мен ұжымдық шарттың маңызы өсе түспек. Сондықтан да, еңбек қоғамы мен еңбек адамы үшін тұғырнамада көтерілген мәселелер сайлаушылар тарапынан қолдау табады деп сенемін, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиында сенімді өкілдер Аризат Мұртазаева мен Гүлжан Орынбаева да еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын қоғамдық институттың атынан кандидаттыққа түскен А.Таспиховты қолдауға шақырып, дұрыс таңдау жасауға ниеттендірді.