Шымкентте сайлау күні таяған сайын үгіт-насихат жұмыстары да белсене атқарылуда.
Кезекті кездесу Шымкент қаласындағы Отырар кітапханасында өтті. 50 адам қатысқан жиынға кітапхана қызметкерлерімен қоса «Түркістан» сарайы, «Көрме», Қазақ драмма театры қызметкерлері қатысты. ҚР президенті А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық аймақтық штабының басшысы, үміткердің сенімді өкілі Берік Бекжанов көпшілікті сайлаушы құқын тиімді пайдаланып, ел өміріндегі маңызды тұста өз таңдауын жасауға шақырды. Сондай-ақ еліміздегі ең ықпалды ұйым кәсіподақтың жұмыскер мәртбесін қорғауда атқарып жатқан қыруар еңбектерін, алдағы мүмкіндіктерін екшеді. Берік Айдарбекұлы кандидат Аманкелді Таспиховтын өмір баяны мен тұғырнамасын таныстырып, ондағы еңбек миграциясы , Еңбек шарты мен ұжымдық шарт мәселелері бойынша ұсыныстарын талқылады. Үміткердің еңбеккер құқын қорғауда ұсыныстарын жеткізді.
Кітапханадағы кездесудің жөні бөлек өтті. Шығармашыл жандар патриоттық тақырыптағы өлең-жырларды оқытып, кездесуді тіпті әсерлі етті. Жиын барысында кітапхананың ғалым-хатшысы Айгүл Жантасова ақын Ф.Оңғарсынованың «Ынтымақ бер» өлеңін оқып, елді татулық пен бірлікке шақырды.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқар кәсіподақтың қоғамдағы маңызына тоқтала келе, еңбек заңдылығының сақталуында, еңбек адамының бағалануы үшін жасап жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Кітапханашы Гүлжан Асанова сыршыл ақын Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңін оқып, жиналғандарға егемендік құндылығын қастерлей отырып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» замана қадіріні қастерлеуді ұғындырды.