2018 жылғы 5-6 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым бастаған ресми делегация әзірбайжандық тараптың шақыруымен Баку қаласында іс-сапарда жүр.
Қазақстандық делегация дүние жүзі кәсіподақтарының алдында тұрған жаһандық мәселелер мен еңбек қатынастары мәселелеріне арналған Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының V-ші съезіне және халықаралық конференцияға қатысуда.
Съезд барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым сөз сөйлеп, қатысушыларды Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының жұмысымен, оның негізгі үрдістерімен және жаңғыру жолдарымен таныстырды.
5 ақпанда Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының V-ші съезіне қатысушы делегаттарды Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев қабылдады.
Іс-сапар барысында Әзірбайжан астанасында әзірбайжандық кәсіподақтар жұмысымен танысу және өзге халықаралық ұйымдардағы әріптестермен кездесулер болып жатыр.
_____________________________________
Анықтама үшін: Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы (ӘКК) 1993 жылғы 5-6 ақпанда Әзірбайжан кәсіподақтарының съезінде бекітілді. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында ерікті негізде құрылған Конфедерация 26 салалық және 1 аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен тұрады, мұндағы 17 430 ұйымда 1 600 000 астам кәсіподақ мүшесі бар.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі