Ұжымдық шарт кәсіпорындар мен ұйымдардағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат болып табылады.
Бүгін, 28 маусымда «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы арасындағы 2019 жыл маусымынан 2022 жыл маусымына дейінгі мерзімге арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды.
Қол қою рәсіміне «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Талғат Айдинов Талғат, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, салалық кәсіподақтың Қызылорда облыстық филиалы төрайымы Алтын Искакова, компания басшылығы, әкімшілік қызметкерлері,кәсіподақ комитеті мүшелері қатысты. Жиынды модератор, компанияның Күрделі құрылыс және сыртқы байланыстар жөніндегі Вице-президент Болат Көшербаев жүргізді.
«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысындағы ірі мұнай компанияларының бірі. 1988 жылдан бастау алған компаниядағы кәсіподақ ұйымының тарихында компания әкімшілігімен тараптар арасындағы Ұжымдық Шарт уақыт талабына сай жаңартылып, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат ретінде өз дәрежесінде жасалып келеді. Қазірде компанияда мың жарымнан астам кәсіподақ мүшелері бар.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің құрылымында 41 цех комитеті бар. Компанияда өндірістік кеңес жұмыс жасайды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағдарламасы бойынша оқудан өткен 24 техникалық инспектор жұмыс атқарады.
Компанияның алдағы 3 жыл мерзімге арналған Ұжымдық шартты жасасу барысында жұмысшы топ құрылып, тараптардың мүдделері жан-жақты талқыланды. Ұжымдық шарттың талаптары бойынша қолданыста болған келісім нұсқасына негізгі бөлімдерінен бөлек әлеуметтік жағдайлар бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Ұжымдық шартта жұмыскерлердің республикалық маңызды мерекелерге, кәсіптік мереке – мұнайшылар күніне орайластырылған сыйлықақының жаңа түрлерін алу құқықтары қаралып, жұмыскерлерді сауықтыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Санаторлық-курорттық жолдамалар сатып алуға бөлінетін қаражат, отбасында мүгедек балалар, төрт және одан көп балалар бар жұмыскерлерге, ардагер-зейнеткерлерге төленетін төлемақылар мөлшерлері белгіленген. Ұжымдық шарттың жаңа нұсқасында зейнеткерлікке шыққан жұмыскерге төленетін өтемақының көлемі 1 миллион тенгеге көбеюі, отбасының балалы болуына байланысты жұмыскер ер адамға бір реттік жәрдемақы төленуі, туыстары қайтыс болуына байланысты 3 күндік ақылы демалысты 40 күн ішінде алу мүмкіндігі секілді және басқа да әлеуметтік мәселелер қаралған.
Ұжымдық шартқа компанияның басқарма төрағасы Чжао Сяомин мен кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытжан Мұқашева қол қойып, тараптар өзара ынтымақтастық лебіздерін білдірді.Шара соңында Ұжымдық шарт жасасуға, жұмыскерлердің еңбек әлеуметтік қатынастарын нығайтуға атсалысқан компания басшылығына, кәсіподақ белсенділеріне «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Сұлтан Қалиев және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов атынан Алғыс хаттар табысталды.