КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ АРЫСТЫҚТАРҒА 30 МЛН.ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Елдің елдігі сынға түскен шақта, яғни Арыстағы жойқын жарылыстан жергілікті халық зардап шеккен кезеңде қол қусырып қарап отыр­май, демеу болуға асыққандардың қатары көбейген үстіне көбейе түсті. Хал­қы­мыз осылайша бірлік пен ынтымақтың, ел­дік­тің ерен үлгісін көрсетуде. Мем­­ле­кеттік органдар да, жекелей азаматтар да жәр­дем беру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұдырықтай жұ­мылуда.

Бірі азық-түлігін арқаланып, арыстықтардың ас-ауқатына жараса, бірі киім-кешегін бүтіндеп, ендібірі қаржылай қолдау көресетті. Психологиялық тұрғыдан қолдап, қысылтаяң кезеңде жылы сөзін аямай жабырқарған жұртшылықтың жанын жадыратқандар да табылды. Осы айтылған жәрдемнің барлық түрін көрсеткен Кәсіподақ федерациясы өкілдері 30 млн. теңге көлемінде материалдық көмек ұсынды. “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы” тарапынан 13 миллион теңгеге көмек берілді.

Түркістан облысы Шымкент қаласы бойынша “Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов пен “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестік төрайымы Майра Амантаевабастаған ұйым өкілдері бүгін Алыс қаласына ат басын бұрды. Жергілікті халықтың қайғысына ортақтасып, басу айтты. Жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың көңілін аулап, қолдау көрсетті.Бүкіл республика аумағындағы кәсіподақ өкілдерінен жиналған қаражатты мақсатты жұмсалуын билік өкілдеріне аманат етті. Түркістан облысы Шымкент қаласы бойынша “Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері мұнымен шектелмейді. Апаттан әлі күнге ес жия алмай отырған халыққа демеу болып, жергілікті жұрттың қалыпты жағдайда өмір сүруіне қол жеткізгенше қолдан келер бар көмекті аянып қалмақ емес.