ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР – БАСТЫ НАЗАРДА

  Адам өмірінен артық ештеңе жоқ

     Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде  жаңадан жұмыс орындарын ашумен қатар, мүгедектігі бар адамдарды қолдауды да қатаң тапсырған болатын. Бұл ретте еңбек жағдайында мүгедек болған жандарға да әлеуметтік қолдауды күшейткен абзал. Ал олардың қатарын азайту үшін еңбек қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару керек. Бұл — кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде жыл сайын өндірісте 2,3 миллион адам қайтыс болады. Олардың 350 мыңы бақытсыз жағдайлардың құрбаны.  Екі миллионнан астам адам өндірісте жүріп тапқан ауру-сырқаудың салдарынан өмірден өтеді екен.

Өндірістік жарақаттың нәтижесінде жыл сайын 313 миллионнан астам адам мүгедек болады.

Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақаттан 200-ден астам адам қайтыс болады. Рас, елімізде жылдан жылға өндірістегі өлімнің азаюы байқалып отыр. Бірақ соған қарамастан  көптеген кәсіпорындарда өлім-жітім әлі де болса жоғары. Ал оның 65 пайыздан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен болады.

2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы өндірісте зардап шеккендер 1678-ден 1568-ге азайды. Ал мерт болғандар 244-тен 221-ге қысқарды.

Өндірісте қайтыс болған бақытсыз жағдайлар Қарағанды, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында көбірек орын алған.

Өлім жағдайлары құрылыста , таукен-металлургия кәсіпорындарында, теміржол және автомобиль саласында  көп кездеседі.

Жұмыс берушілер арасында бақытсыз жағдайларды жасыратындар да бар.

Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғау жөніндегі қазіргі жүйе оқыс жағдайлардың алдын алуға емес,оның зардаптарын жоюға бағытталған деп есептейді. Сондықтан әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек заңдылығын жетілдіруге байланысты мынадай ұсыныстар жасаймыз:

— кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіру;

— жұмыс орындарындағы кемшіліктерді жою мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын жетілдіру бағытында жұмыс берушілерге салықтық преференция жасау;

— шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып еңбекті қорғау мен қауіпсіздігіне байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту;

—  өндірістегі бақытсыз жағдайлар мен сырқаттарды есепке алу мен бақылау жүргізудің бірыңғай ақпараттық жүйесін жасау.

Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік  бағдарламасын қарастыру, өндірістік жарақаттарды азайту мен еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге байланысты кешенді жоспарды бекіту жөнінде ұсыныс жасады.

Ал, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тиімді еңбек қарым-қатынасын қалыптастырудың басты құралдарының бірі – ұжымдық және жеке еңбек шарты.Ұжымдық шарт – жұмыс беруші мен жұмысшылар өкілдері арасындағы жазбаша келісім. Онда қосымша еңбек жағдайлары, еңбекақы жүйесін ынталандыру, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.

2017 жылмен салыстырғанда  2018 жылы ұжымдық еңбек шарты  16 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін 98 167 ұжымдық шарт жасалды. Алайда бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдардың бар-жоғы 41 пайызын ғана қамтиды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық шарт жасалған.

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болмаса ұжымдық шарт жасалмайды, осыдан келіп жұмысшылардың құқы қорғалмайды. Мысалы,  осы жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысындағы «KKS-SICIM» құрылыс компаниясының жұмысшылары еңбекақыны көтеру жөнінде талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартты. Жұмыс беруші дер кезінде іс-шара қолданбағандықтан әлеуметтік наразылыққа алып келді. Мұндай жағдай еліміздегі басқа да кәсіпорындарда қайталанбас үшін не істеген жөн? Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты  комиссияларда осы мәселені тұрақты түрде қарастырып, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда ұжымдық шарттың міндетті түрде жасалуын заңдық тұрғыда бекіту жөнінде Үкіметке ұсыныс жасады.

Жеке еңбек шартын жасауға байланысты да осындай проблемалық жағдайлар бар. Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылдың басында еңбек қатынастарына байланысты жұмыс берушілер мен бір миллионға жуық жалдамалы жұмысшылар арасында шарт жасалмаған болып шықты. Еңбек шартының болмауы жұмысшыларды еңбек құқын қорғау мүмкіндігінен айырумен бірге оларды әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі жағдайлардың барлығынан жұрдай етеді.

Мәселен, үстіміздегі жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу Даби Плаза» құрылыс алаңында еңбек шарты жасалмай жұмыс істеген «Строй контракт» компаниясының 45 жұмысшы ешқандай ескертусіз, екі айдың айлығын алмай жұмыстан шығарылған.

Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін әлеуметтік әріптестермен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып «Еңбек шартын жаса!» республикалық акциясын өткіздік. Акция кезінде 10 мыңнан аса жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек қатынастарына байланысты шарт жасады. Мұның өзі жұмысшылардың құқын қорғап, олардың әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жастар жұмыссыз болмауы тиіс

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында  биылғы жыл Елбасының бастамасымен Жастар жылы деп жарияланғанын  тағы бір еске салып, олармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу өте маңызды міндет екенін атап өтті. Президент жастардың еңбек құқықтарын қорғау мəселелеріне де ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Осы ретте кәсіподақ ұйымдарын мазалап отырған ең маңызды мәселе – жастардың лайықты жұмыс табуы. Жасыратыны жоқ, елімізде екі қолға бір күрек таба алмай  жүрген жастар көп. Олар бір емес, бірнеше жыл бойы жұмыс іздеумен жүреді. Мұның өзі жастардың қаржылық жағдайын ғана емес, кәсіби дағдыларын сақтау мен жеке тұлға ретінде қалыптасуына да кері әсерін тигізеді. Осыдан келіп  еліміздің еңбек нарығы  қалыпты бола қоймайды.

Сондықтан жастарды еңбекке араластырудың жаңа механизмдерін қарастыру қажет. Осы жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында жас кәсіподақ белсенділері қатысқан форум болды. Олар талқылаған маңызды мәселенің бірі – жастарды жұмысқа орналастыру. Форумға қатысушылар  оқу орнын енді бітірген жас мамандарды еңбек тәжірибесі жоқ болғандықтан  жұмыс берушілер  жұмысқа қабылдауға соншалықты құлықты болмайтынын айтып отыр.

Жастарға лайықты көңіл бөлуі үшін  жұмыс берушілерді  экономикалық ынталандыру механизмін жасап, оны заңды түрде бекіту керек. Осындай  ұсыныс жасаймын. Сонда ғана жұмыс берушілердің назары жас мамандар мен жұмысшыларға  ауады. Еңбек нарығындағы жағдай жақсарып, жастардың жұмысқа орналасуы тиімді шешіле бастайды.

Қазақстанның қазіргі Үкіметі еңбек нарығындағы маңызды мәселелерді шешуге, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, адами және әлеуметтік капиталды арттыруға, Президенттің инновациялық жаңғырту саясатын жүзеге асыру  мен әлеуметтік-еңбек саласында белсенді бағыт ұстайды деген сенім бар.

Елбасы жастар жылын ашуға арналған салтанатты жиында жас мамандар мен жұмысшылар қай салада болсын қажет екенін айтқан болатын. Ол рас. Біз жастардың ортасында жиі боламыз. Пікірлесеміз. Ұсыныстарын тыңдаймыз. Кәсіподақта «Келешек» жастар қанаты бар. Олар да өз қатарластарының мәселелерін терең зерделеуге тырысады. Ең бастысы – мектеп бітірген  жастарға  мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Олар кәсіп таңдауда қателеспеуі тиіс. Өйткені келешекте еліміздің еңбек нарығындағы жағдайдың жақсы болуы мен экономиканың дамуы қазіргі жастарға байланысты. Сондықтан олардың уақыт талап етіп отырған мамандық иесі атанып, лайықты жұмысқа орналасуына бүгіннен бастап қам-қарекет жасаған жөн.

Жас жұмысшылар мен мамандарға  жұмысқа орналасқанда барынша қолдау көрсету керек. Олар кедергілерге тап болмауы тиіс. Еңбек қатынастарына қатысты барлық жағдай жасалғаны жөн.

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірінде түбірлі өзгерістер жүзеге аса бастады. Оның бел ортасында жастар жүр. Бұл Қазақстанда демократияландыру процесстерінің кең қанат жайғанын аңғартады. Осындай оң өзгерістер кәсіподақ қызметін де одан әрі жаңғырту мен жетілдіруге ерекше серпін беретіні сөзсіз.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ресми сайты, 2019 жылғы 22 шілдедегі жарияланым

http://kazgazeta.kz/?p=86162