«Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарын қорытып, брифинг берді.
Бірлестік төрағасы алдымен журналистерге кәсіподақтың мақсаты мен қызметін жіті түсіндіріп, құрамын жіктеп берді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен байланыста жұмыс жасайтын жалпы 2070 кәсіподақ ұйымдары бар, оның 10-ы Түркістан облыстық және 2-уі Шымкент қалалық салалық кәсіподақтар бірлестіктері мен филиалдары, 44-і аудандық филиалдар, өкілдіктер мен жергілікті кәсіподақтар және 2014-і бастауыш кәсіподақ ұйымдары. Кәсіподақ ұйымдарының аталған кезеңде атқарған жұмыстары слайдтар түрінде ұсынылды.
Берік Бекжанов жалақы қарызын өндірудегі қыруар жұмыстарға да тоқталды. Айтуынша, Түркістан облысы бойынша үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде жыл басынан бері 2 мекеменің 73 жұмыскер алдындағы 43,735 млн. теңге жалақы қарызы болса, олар толығымен жойылып отыр. Атқарылған жұмыстардың жемісі болса керек, облыста бүгінде жалақы қарызы бар мекемелер жоқ. Ал Шымкент қаласы бойынша үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесі бойынша жыл басынан бері 9 мекеменің 819 жұмыскер алдындағы 121,8 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен оның саны 3 мекемеге азайды және 740 жұмыскердің 107 млн. теңгеге жалақы қарызы өтелді. Дегенмен, 2019 жылдың жылдың 6 айында 6 кәсіпорында 79 жұмыскердің алдында 14,6 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр.
Сондай-ақ, Берік Айдарбекұлы өңірдегі өндірістік жазатайым жағдайларға да жіті тоқталды. Есептік кезеңде өңір бойынша жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 оқиғаға азайғанын айтты. Оның ішінде, Түркістан облысы бойынша 7 оқиғаға кемісе, ал Шымкент қаласы бойынша 13 оқиғаға азайды.
Берік Бекжанов ұжымдық шарт жасасу бойынша атқарылған қыруар жұмыстарды да жеткізді. Есептік кезеңде Түркістан облысында 4854 кәсіпорында ұжымдық шарт жасалса, ал 2085 мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған.
Шымкент қаласы бойынша жалпы 21661 кәсіпорынның 1033 кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған, ал 20628 мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған болып отыр. Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында «Еңбек шартын жасаңыздар» атты Республикалық акциясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен келісіліп, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітіліп, іске асырылуда.
Уақыт өте келе халық еңбек дауын шешуге байланысты Кәсіподақтар орталығы жанындағы татуласу орталығының қызметін де оңтайлы пайдаланып келеді. Бұл қос тарапқа да оң шешім болып отыр. Бірлестік төрағасының айтуынша, орталықта жалпы 392 адамға көмек көрсетілген. Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 242 болса, оның барлық 242-сі бітімгершілікпен сәтті аяқталған.
Берік Айдарбекұлы Кәсіподақтар орталығы жанындағы «ПРОФТУР» туризм орталығының жұмысына де ерекше тоқталды. Бүгінгі таңға кәсіподақ мүшелері мен өңір тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес 13 шипажаймен агенттік келісім жасалған. Бүгінгі күнге жолдама сату жұмыстары басталып, алғашында жалпы 63 жолдама өткізілсе, оның 59-ы шипажайларға және 4-уі балалар жазғы лагеріне берілген.