Еңбек ұжымымен кездесу өтті

25 шілде күні БҚО Кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты бірлесе отырып, БҚО еңбек инспекциясы өкілдерінің қатысуымен «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуге Орал қаласының №2 сотының судьясы Шынар Шайдиева, Кәсіподақтар орталығының заңгері З.Тулеугалиева және БҚО еңбек инспекциясы өкілі қатысып, еңбек дауларының алдын-алуға қатысты мәселелерді талқыға салды, сонымен қатар еңбек дауларын шешу тәртібі мен жолдары, дауларды шешудегі кәсіподақтардың рөлі, мақсаты мен міндеттері туралы түсіндірілді. Еңбек дауларының алдын-алу және екі тарапқа да тиімді шешу мақсатында сотқа жүгінбестен бұрын кәсіподақ өкілдерінен кеңес алу туралы ақпарат берілді.

Кәсіподақтар орталығының заңгері З.Тулеугалиева өз кезегінде «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС ұжымында кәсіподақ ұйымын құру және кәсіподақ ұйымы бар ұжымдардағы артықшылықтар жайында айтып, жалпы кәсіподақтың қоғамдағы, ұжымдағы рөлі, оның кәсіподақ мүшелеріне беретін әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктері жөнінде түсіндіріп, қатысушылардан түскен сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.