Облыстық «Атырау» газеті: “Өзін – ЗОР, өзгені қор санаған… шетелдік жұмысшылар неге бірнеше есе КӨП жалақы алады?”

Atr.kz/25 шілде, 2019 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде бірнеше маңызды мәселені көтерді. Соның бірі – шетелден келетін жұмысшылардың еңбекақысы.

– Атырауда бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтау мәселесінің анық-қанығына жетуді Үкіметке тапсырамын. Егер инвесторлармен жасалған келісім-шарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, бұл мәселені шешу қажет. Себебі, ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты» деді Мемлекет басшысы.

Президент көптің көкейінде жүрген мәселені дөп басты. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы үлкенді-кішілі мінберлерде әңгіме қозғап келеді.

– «Теңіз» кенішіндегі орын алған жағдай еңбек миграциясы саясатын жетілдіру қажеттігін айқын көрсетіп берді. Біздің ойымызша, шетелдік жұмысшылар туралы барлық ақпарат айқын болуы тиіс. Оның үстіне олар біздің еліміздің еңбек-құқық заңдарын толық сақтауы қажет,- дейді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.

«Теңіз» кенішіндегі төбелес жайдан-жай «бұрқ» ете қалған жоқ. Ең алдымен қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысындағы алшақтық шымбайға батқаны байқалады. Оны осыдан біраз уақыт бұрын айтқандар да болған. Олардың уәжіне құлақ асып, назар аударып, нақты нәтиже шығару былай тұрсын, соңына шам алып түсіп, қудалаудың сан түрін қолданғанын айтып отыр білетіндер.

«Отбасымды асырап отырған азын-аулақ айлығымнан айырылып қалмасам екен» деп жүргендері қаншама? Оларға қалай кінә артарсың? Нәпақасын тауып жүрген жұмысынан айырылғысы жоқ.

Әрине, еңбекақы – өзекті мәселе. Айлығы шайлығына жетпеген адам ашынбағанда қайтеді? Отандық маманмен бірдей жұмысты атқаратын, білімі де, тәжірибесі де шамалас шетелдік жұмысшы бірнеше есе жоғары жалақыны неге алады?

Осындай өзекті мәселеге енжарлық танытудың салдарынан ССЕР компаниясының жұмысшылары бірбірімен жаға жыртысып, жұдырық ала жүгірді. Ал, компания басшылығы «Айлықтың айтарлықтай айырмашылығын жергілікті жұмысшылар білмейді» деп ойлаған болар, бәлкім.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, осы өзекті мәселеге ерекше назар аударып, айлықтың алшақтығынан туындайтын алауыздық пен наразылықтың алдын алу керек.

«Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек» деді аймақ басшысы.

Көңілге қонымды пікір. Расында жұмыс ауқымы бірдей, бірақ, айлық неге ала-құла? Нақтысында, жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы он есе төмен. Адамдарды осылай алалау бар екенін күнде көріпбіліп отырған шетелдік жұмысшылар қазақстандық әріптестерін өздерінен төмен санап, басынбағанда қайтеді? Жанжал өртінің тұтануының себеп-салдары осы емес пе?

Ең өкініштісі, жанжал орын алғаннан кейін Атырауға жеткен ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишам еңбекақы айырмашылығын емес, әлеуметтік желілерде әбден талқыланған фотоға түскіш Эли Даудпен келісімшарт бұзылып, оның еліне қайтарылғанын айтумен шектелді. Жұмысшылар жалақысындағы айырмашылық туралы тіс жармады. Неге? Әлде, бас директор жаға жыртысқан жанжал еңбекақыға байланысты емес, фотосуретке қатысты шықты деп ойлай ма екен?

Шетелдік компания басшысы бұл кикілжіңді тұрмыстық сипаттағы мәселе деп қараса, онда қатты қателеседі.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуына қарағанда, еңбекақы айырмашылығына байланысты шағым көп. Оның бәрін ескерусіз қалдыруға болмайды. Компания басшылығы нақты шешім қабылдауы қажет.

Сонымен бірге, жұмысшыларды қосымша жұмысқа тартқаны үшін төленетін ақыны кешіктірмей, уақытылы беру жөніндегі талап та орынды көтеріліп отыр. Мереке мен демалыс күндері уақытпен санаспай жұмысқа шығатын адамдарға еңбекақы төлеудің өз тәртібі бар.

Бірақ, жұмысшылар бұл да сақтала бермейтінін айтып отыр. Жұмыс күнінің нақты кестесі болуы тиіс. Оны жөнсіз өзгерте беруге жол берілмеуі керек. Еңбек адамының құқы ескерілуі қажет. Компания қожайындары «Өзім – би, өзім – қожа, не істесем де еркім бар» дейтіндей көзқараста болмағаны жөн.

Тіпті, «Теңіз» кенішіндегі мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетінше төрт сағатқа көбейткен көрінеді. Бұл – еңбек адамын қанау. Міне, еңбек қатынастарына байланысты осындай заңсыздықтарды байқаған салалық кәсіподақ шырылдап, жұмысшылардың жанайқайын жеткізіп отыр. Соның бірі – «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрайымы Салтанат Рахимова.

– Қазақстандық жұмысшы бір мың доллар, ал, шетелдік жұмысшы үш мың мен он мың доллар аралығында еңбекақы алады. Бұл әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Осы орайда «Басқалармен салыстырғанда «Теңіз» кенішінде қазақстандықтардың жалақысы жақсы ғой, олар неге ренжиді?» дегенді айту қисынсыз.

Өйткені, мұнда әлеуметтік теңсіздік орын алып отыр. Біз бұл мәселені талай мәрте көтердік. Бірақ, шетелдік компания басшылары кәсіподақтың арызшағымына атүсті қарайды. Тіпті, кейбір дауларды шешу бірнеше айға созылады, – дейді Салтанат Рахимова.

Мәселен, қазақстандық алтыншы разрядты оператор күніне 44 доллар алатын болса, тура сондай біліктілігі бар шетелдік операторға күніне кем дегенде 200 доллар төленеді. Демек, 44 доллар мен 200 доллар арасындағы айырма – 5 есе! Екеуінің де разряды бірдей. Бірақ, айлығы әртүрлі. Бұл – бір ғана дерек.

Бұдан басқа да көптеген дерек бар. Осындай көптеген фактіні еңбек инспекциясы да анықтады. Тек биылдың өзінде отандық және шетелдік мекемекәсіпорындарда тексеріс жүргізіп, 300-ге жуық заң бұзушылықтың бетін ашқан. Нәтижесінде 9 миллион теңге айыппұл салынған. Ұжымдық арыз негізінде жүргізілген тексеру барысында Қазақстан шекарасынан менеджер ретінде өткен адам келген соң қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымын атқарған.

Жай жүрмей, қарамағындағылардың артынан шам алып түсіп, шектен тыс талап қойған. Қазір Қазақстандағы өндіріс орындарының көбі жекенің қолында екені белгілі. Бірақ, олар еңбек-әлеуметтік қарымқатынастарға қатысты заң талаптарын аяқасты етпеуі керек. Өкінішке қарай, еліміздің еңбек заңдылығына шекесінен қарайтындар аз емес.

Басқасын айтпағанда, жұмысшылармен еңбек шартын жасаудың өзінен аттонын ала қашатындар көп.

Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер амалсыздан еңбек шартын жасамай-ақ жұмысқа тұруға мәжбүр болады.

Сол себептен, олар еңбек дауы мен кикілжің туындай қалса, заң алдында дәрменсіз болады. Өзінің құқын да, мүддесін де қорғай алмайды.

Шарасыз күйде қалғандар құзырлы орындарға жүгінсе де, сотқа арызданса да, жеңіліс табатыны ақиқат. Өйткені, олардың талап ететіні – еңбек келісім-шарты. Бұл құжатсыз жұмыс берушілерді жауапкершілікке тарту, олардан заң талабын орындауды талап ету әсте мүмкін емес. Тіпті, жұмыс беруші шарасыз күйдегі қазақстандықтарды себеп-салдарсыз жұмыстан шығарып жіберсе де қолдан келер қайран жоқ.

Сөйтіп, адал еңбегімен, маңдай терімен тапқан еңбекақысын бермей, сандалтып қояды. Себебі, жұмысшының құқы мен мүддесін қорғайтындай заңды құжат жоқ. Сондықтан, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жеке еңбек шарты мен ұжымдық шартты жасау қажеттігіне жұртшылықтың назарын аударып отыр. Осы орайда, ССЕР компаниясындағы дау-дамай Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қожайындарына ой салса дейсің…

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

http://atr.kz/bez-rubriki/%d3%a9zin-zor-%d3%a9zgeni-%d2%9bor-sana%d2%93an-sheteldik-zh%d2%b1mysshylar-nege-birneshe-ese-k%d3%a9p-zhala%d2%9by-alady/