“Aq jol” газеті: “ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН ҰЙЫМ”

Тегінде жасырын емес, осыдан бір жарым-екі жыл уақыт бұрын еліміздің кəсіподақ ұйымдарының жұмысы жайлы аз еститінбіз. Кезінде дүрілдеген кəсіподақтардың осы уақытқа дейін үнсіз қалғанын кеңестік дəуірдің күйреуімен байланыстырып, құрдымға жібергендердің болғаны да рас.

Алайда соңғы кезде Қазақстан кəсіподақтары жоғалмағанын, жаңа заман талабына сай , жүйелі форматта жұмыс атқарып отырғанын жар сала айтып жүр. Бақсақ, мұның өзіндік себебі бар екен.

Қазақстан Республикасы Кəсіподақтар Федерациясы басшылығы соңғы жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарып отырғанынан хабардармыз. Қазіргі таңда құрамында жалпы еліміз бойынша еңбек ететін 6,4 миллион еңбеккердің 2 миллионын қамтитын 18 000 бастауыш кəсіподақ ұйымы бар. Бір ғана өткен жылдың өзінде 35 000 еңбеккерден құралған 470 жаңа бастауыш кəсіподақ ұйымы пайда болыпты. Бұл – үлкен күш!

Өз ұранын «Тұрақты кəсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» деп таңдаған қазіргі кəсіподақтар, біріншіден, қарапайым еңбек адамына қажетті дүние лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс орнын алға тартуда. Яғни тұрақтылық қоғам мен еліміздің негізі болуы тиіс дейді. Келесі мəселе – еңбек адамын заң тұрғысынан қорғау жəне соған қажетті заңнамаларды қабылдауға ықпал ету. Осы тұрғыда елімізде 2018 жылы əлеуметтік əріптестермен бірлесе отырып «Еңбек шартын жасаңыз!» атты республикалық акция өтті. Мақсаты – еңбеккердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін басты еңбек құжатының болуын қамтамасыз ету. Бір жылғы жұмыс барысында елімізде еңбек шарты жоқ 37 000 азаматтың еңбек қатынастары заңдастырылды.

Сол сияқты, 2018 жылды Кəсіподақтар Федерациясы «Еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жылы» деп жариялады. Осыған байланысты өткен жылы «Еңбекті қорғау мəдениетін бірге арттырамыз!» республикалық акциясы өткізіліп, аймақтарда «Қауіпсіз еңбек» бағдарламалары қабылданып, жүзеге асырылды. Себебі жыл сайын елімізде өндіріс орнында жарақат алатын мың жарымнан аса адамның 200-ге жуығы қаза болатынын айтып дабыл қаққан кəсіподақ өкілдері еңбек адамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мəселе деп отыр. Бұл пікірге фермерлер одағы толықтай қосылады. Өйткені басым бөлігі ауылдық жерлерде жұмыс атқаратын фермерлер де еңбектің қауіпсіз болғанын қалайды.

Атқарылып отырған жұмыстарды зерделей келе, бұл бағытта тың серпіліс бары байқалады. Қоғамымызда өз орны, айтатын сөзі бар, билік те құлақ асатын ірі ұйым болып қалыптасып келе жатқан кəсіподақтар жуырда өткен Президент сайлауына да өз өкілдерін қосып, бақ сынап көрді.

Кəсіподақтардың Президент Қ.Тоқаевтың он əлеуметтік бастамасын толық қолдап отырғанын да бүгінде БАҚ пен əлеуметтік желілерден көріп, біліп отырмыз. Бұл да көңілге үміт ұялататын жайт деп санаймыз.

Осының бəрін ескере отырып, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы кəсіподақ ұйымдарының кең мүмкіндіктерін пайдалану үшін облыстық бірлестікпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Мұның да бір өзіндік себебі бар. Фермерлер де жергілікті ұйымдардың еңбек ұжымдарының мүдде сі үшін нəтижелі жұмыс атқарып келе жатқанын біледі. Оған бір мысал, Шу аудандық газетінің еңбек ұжымының бес айлық жалақысын өндіріп беруге бірден-бір сеп болған жергілікті кəсіподақ ұйымы екенін естіп, риза болдық.

Сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты 200-ге тарта арызшағымды шешкен кəсіподақ ұйымдарының еңбегі оларға деген сенімді арттыра түсуде.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біздің одақ кəсіподақтармен бірлесе отырып еңбек адамының əл-аухатын арттырып, қолайлы жағдай жасай береді деп сенеміз.

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы.