Арқаның кербез сұлу құт мекені Қарқаралы жерінде, «Политехник» спорттық-сауықтыру лагерінде «Жас Орда» Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттер кәсіподағы, Қарағанды облысы Кәсіподақтар Орталығындағы «Келешек» Жастар кеңесінің мүшелері 15 күнге созылған балалар жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастырды.
Лагерьге Қазақстандық салалық білім және ғылым кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы мүшелерінің, «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлері салалық кәсіподағының «Теплотранзит Караганда» ЖШС бастауыш кәсіподақ мүшелерінің балалары және де Арыс қаласындағы трагедия салдарынан зардап шеккен балалар қатысты.
Бүкіл Қазақстанды дүрліктірген апаттан зардап шеккен балаларға демалуға және денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беру мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті лагерге 30 баланы және жетекшілерін орналастырған болатын.
Бағдарлама бойынша «Келешек» өкілдері мен университеттің белсенді студенттері, жастар саясаты бөлімінің өкілдері мен кеңесшілері қамқорында демалушылар оқу-дамытушылық ойындарға, тренингтерге, спорттық жарыстар мен серуендеу саяхаттарына қатысты.
Жазғы лагерьде болған уақыт ішінде балалар Қарқаралы қаласындағы ұлттық табиғи саябағының қызықты жерлеріне және бай тарихы бар, Абай Құнанбаев тұрған үйге, Құнанбай қажы мешітіне, Табиғат мұражайына, Мәди Бапиұлы ескерткішіне, Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайына барды.
Ыстық ықыласпен табиғат аясында өткен демалыс балалар мен ұйымдастырушылар көңілінде ұмытылмас ізін қалдырды.