Кәсіподақтардың мәртебесін арттыру – басты міндет

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің конференц залында Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға облыстағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 23 тамызда өткен Бас кеңесінде қаралған Кәсіподақтар Федерациясын жаңғыртудың «Жол картасы» бойынша 2018 жылдан бері атқарылған жұмысының қорытындысы болды.

Жиынды ашқан Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген Жол картасын іске асыру бойынша Кәсіподақтар Федерациясы мен мүшелік ұйымдардың қызметінің нәтижесін баяндап, кәсіподақ қозғалысының алдына қойылған міндеттерге тоқталды.

Сонымен қатар, осы Жол картасына сәйкес Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының да бірлесе атқарған қызметінің есебін берді.

Өз кезегінде сөз алған «Казфосфат» ЖШС-нің ЖЖФЗ кәсіподақ комитетінің төрағасы Ш. Байғанов Кәсіподақтар Федерациясының 2018-2019 жылдары атқарған жұмысын мақсатты және жариялық тұрғысында жоғары бағалады. Федерация төрағасы Б.Әбдірайым және оның серіктестерінің жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысын көзбен көріп, ұдайы көмектесуі өз нәтижесін беруде. Бұрын мұндай болған емес. Қазіргі кәсіподақ – нәтижелі жұмыстың иесі.

Әлеуметтік әріптестік қызметі нығая түсуде. Алдағы уақытта да Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің жаңа жобасын әзірлеу және 2020-2025 жылдарға арналған «Лайықты еңбек – лайықты өмір» Ұлттық бағдарламасын әзірлеу мәселесі өте орынды қойылған деді. Сонымен қатар, Ш.Байғанов бүгінгі кәсіподақтардың мәселелеріне билік өкілдерімен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаттары да көңіл бөліп, назарда ұстап отыр. Оған дәлел, былтыр Жамбылдық кәсіподақ өкілдерімен кездескен депутаттар К.Әбсәтіров, Ә.Бектұрғанов, К.Мұсырман және Б.Смағұлов бола алады деді.

Сол сияқты, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Ж.Алшынбаева да бүгінгі таңдағы кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған өзекті мәселе – кәсіпорын мен ұйымдардағы ұжымдық шарттардың орындалуы және оған кәсіподақтар тарапынан ұдайы бақылау жүргізу қажеттілігіне тоқталды.

Отырыста одан бөлек, қазіргі таңдағы өңірдегі ең төменгі жалақыға қатысты көкейкесті тағы бір мәселе көтерілді. Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты «Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Жамбыл су қоймалары» мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Жұматов мекеме қызметкерлерінің осы саладағы ең төменгі (42500 тг) жалақы алатындарын алға тартып, осы мәселені жоғарғы органдарға жеткізіп, шешуде ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе облыстық үшжақты комиссида қаралатын болды.

Былтыр құрылған «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы тұрақты жұмыс атқарып отыр, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны қазіргі таңда 35, мүшелер саны 18 мыңнан асты деді осы ұйымның төрағасы Е.Сатыбалдиев.
Жиында биылғы жылдың өзінде облыстық кәсіподақ ұйымдары 270-тен астам азаматтардың шағымдарын қарап, соның барлығында өтініштерін қанағаттандырғандары да айтылды.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күнін лайықты атап өту іс-шаралары жоспары бекітілді. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өкілдері ортақ мақсатта бірлесіп атқаратын жұмыстарымен ой бөлісті.