Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы №303 қаулысы нормативтік – құқықтық актілердің ақпараттық – құқықтық жүйесінде «10 – қазан Қазақстан кәсіподақтары күні» деп жариялануына байланысты және «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің салалық кәсіподақтары аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында бекітілген «Кәсіподақтар күні» мерекесіне арналған айлық іс-шара жоспарының негізінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының іс-шара жоспарына сәйкес, Түркістан қаласындағы №24 жалпы орта мектебінде орналасқан Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің «Оқу әдістемелік орталығында» салтанатты жиын өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі және «Қарттар күні» белгіленді, ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Барлық мерекелердің тұстас келуіне байланысты «Кәсіподақтар күні», «Еңбек күні», «Қарттар күні» бірге аталып өтілді.
Елбасының Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеяларының шеңберінде өнімді еңбекке ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата – бабадан келе жатқан салтымыз. Кәсіподақ комитетінің тыныс – тіршілігін баяндайтын бейнероликпен салтанатты жиынымыз ашылды. Дәстүрімізді жалғап аға ұрпақты құрметтеу, еңбекті насихаттау мақсатында өтілген салтанатты жиын жас ұрпақтардың арнауымен басталды. Шәкірттеріне білім мен тәрбиені қатар берген аға ұрпақ жиынның қадірлі қонақтары болды.
Жиынға білім саласында көп жылдар қызмет етіп, жас ұрпақтың білім санасын ашқан, тәрбие мен тәлімді қатар берген, ардақты ұстаздар қатысты. Ұстаздардың ұстазы атанған, білім саласын көп жыл басқарған Зияидинова Гүлсара Зиядинқызы, білім бөлімінде көп жыл қызмет атқарған Гүлдана Жакипова, Мария Кенжебаева, Гулбарам Малбаева, мектеп басшысы қызметін атқарған аналардың анасы Роза Шарафиева, еңбегінің барлық бөлігін балаларға арнап ұстаздық қызмет атқарған Роза Жабашова, Сапаркүл Орынбаева, Клара Құдіретова, Галина Тамара Михайловна, Никитина Марина Владимировна, Осар Нигматуллаев сынды ардагер ұстаздар болды. Оларға «Құрмет гүлі» ұсынылып, заттай сыйлықтармен марапатталды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Абуов Ахмет Шамуратұлы ұстаздарды құттықтап, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төс белгісімен Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің мұғалімі Убайдуллаев Хусан, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен», «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі Оразбекова Алма Зулпыхаровна және «Ақ желкен» санаторлық-балабақшасының тәрбиешісі Байзақова Лаура Мейрамбекқызы марапаттады.
Жиын барысында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Батырбекова Ақмарал Үсенқызы білім саласында ұстаздық бағытта аянбай шәкірт үшін жұмыс жасай білген, ұстаздық жолда әділ де, адал еңбектеніп, білім мен тәрбиені қатар беріп, жаңартылған білім мазмұнын дәріптеп жүрген озат ұстаздар мен кәсіподақтың беделін көтеруде, бастауыш кәсіподақ ұйымында ұстаздар қауымына әлеуметтік, құқықтық мүдделерін қорғауда заң негіздерін насихаттап жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын «Құрмет грамоталарымен» және заттай сыйлықтармен марапаттады.
М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп – гимназиясының директоры қызметін атқарған Прімжанова Тамара Мамашқызы, «Ақ желкен» санаторлық-балабақшасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарған Яхияева Еркінай Зианатдиновна, Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің директор қызметін атқарған Көлбаев Ақылбек, №8 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қоғамдық қызметін атқарған Ибрагимов Пазыл Азизханұлы құрметті демалысқа шығуына орай Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Д.Турманова құттықтап, заттай сыйлықтар тапсырды.
Адам өмірінің мәні келешегіне сенімділігінде. Аға ұрпақты қастерлеп, оларды үлгі тұту болашақ ұрпақтың перзенттік парызы. Болашақтың ұландарын тәрбиелейтін, білім беретін жұмысқа жаңа қабылданған жас мамандар да жиынның құрметті қонағы болды. Олар аға ұрпақ алдында жақсы маман болатынына сенім білдіріп, АНТ берді. Білім саласында көп жылдар жұмыс атқарған, жас ұрпақты тәрбиелеуде, болашақ ұрпақтың рухани және интеллектуалды дамуына ықпал етуде аянбай еңбек еткен қалалық білім бөлімінде бас маман қызметін атқарған, бүгінгі таңда ардагер ұстаз Малбаева Гүлбарам Дүйсебекқызы жас мамандарға «Еңбек кітапшасын» тапсырды.
Еңбек адамының ынтасын арттырып, мәртебесін өсіретін бұл мерекенің аға буын мен жастардың арасында үлкен мектеп тәрізді мәні бар.
Өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасап, нық қадам басу жолында бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қарттарымыздың өнегесі мол. Бүгінгі таңда ардагер ұстаз, ардақты ана, бұрынғы мектеп басшысы, білім саласында аянбай еңбек еткен Шарафиева Роза Шарафиқызы жас мамандар жұмыстарына табыс тілеп, кәсіподақ белсенділерін, ардагерлерді мерекелерімен құттықтады.
Өткенге барлау жасамай, болашақты бағамдай алмаймыз. «Еңбек – бәрінде жеңбек»,- демекші еңбек еткен әрбір қоғам мүшесі өзін бақытты санайды. Еңбектің жемісін көру үшін ізденеді. Тынымсыз еңбек – адам жанының бақыты.
Мерекелік жиынға қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама, жақсы ниет, жиынның барысымен астасып жатты.