“Болғанда білім-теңіз, мектеп- кеме”,- демекші, теңіздей білімді жас ұрпақтың бойына сіңіретін, алып кеменің бағытын адастырмай алға ұмтылдыратын-ұстаз. Елінің мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатып жүрген танымал жандардың бәрі ұстаздан тәрбие алған. Сондықтан «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ең жоғарғы, мәртебелі маман – ұстаз деп білемін.
Еліміздің келешегінің кемел болуында ұстаздар қауымына жүктелер міндет зор. Ақмола облысы, Бұланды ауданы , Жаңаталап бастауыш мектебінде Айтжанова Алма Танбековқызы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Біз оны ұстаздар әулетінен шыққан деп мақтан етеміз. Алманың анасы – Шортанбаева Шолпан Тәуекелқызы осы ауылда 35 жыл ұстаздық етіп, мектеп меңгерушісі қызметін атқарған. Алма Айтжанованың нағашы атасы да ұстаз болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен оралған. Ұлы Отан соғысында көптеген ордендер мен медальдардың иегері Шортанбаев Тәуекел Шортанбайұлы осы Жаңаталап ауылында ұстаз болып еңбек еткен. Ол кезде Жаңаталап ауылы (қазіргі Ақкөл ) ауданына қараған. Міне, осындай мұғалімдер әулетінің ізгілікті жолын бүгінде Алма Танбековқызы жалғастырып келеді.
1988 жылдан бастап 2008 жылға дейін Алма Танбекқызы осы ауылда 20 жыл мектеп меңгерушісі қызметін атқарды. Целиноград Мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, Ақмола университетін бітіріп, қазіргі уақытқа дейін Алма Танбекқызы Жаңаталап бастауыш мектебінде еңбек етуде. «Шәкірт білімдарлығы- ұстаздан»,- десек осы жылдар белесінде Алма Танбекқызы тәрбиелеген қаншама шәкірттер қияға қанат қақты. Ол тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатқан талай шәкірттері әр түрлі білім бәйгелерінде жүлделі орындарды иеленді. Түрлі мамандық иелері атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.
30 жылдан бері ел игілігі үшін жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан Алма Айтжанова еңбегімен елге сыйлы, ана жолын абыроймен жалғаған,талай шәкірттің жүрегіне алаулаған арман отын лаулата білген жан.