strategy2050.kz: “КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ЕҢБЕК ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУДІ ҰСЫНДЫ”

Елордада жұмыс орындарындағы қауіпсіздік техникасын сақтау мәселелері,  еңбекті қорғау саласындағы қазіргі проблемалары талқыға түскен “Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету” деген атпен семинар өтті. Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Жұмагельдиева Гүлнара өндірістегі жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету үшін Кәсіподақтар федерациясының еңбек туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынғанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Кәсіподақтар федерациясы еңбек туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынды

“Бүгінгі күні федерация кәсіпорындардағы еңбек жағдайына анализ жүргізді. Өкінішке орай, жұмыс беруші жұмысшыларды әрдайым қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ете алмай отыр. Қазір осы бағытта 18 мыңнан астам техникалық инспектор жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы олар 140 мыңнан астам бұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ тексеріс кезінде жұмыс берушілердің кәсіби аурулаға да қатысты жағдайларды жасырып қалатыны да белгілі болды. Сол себепті біз үкімет пен әлеуметтік серіктестерді өндірісте жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету үшін үкімет пен әлеуметтік серіктестерді тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз”, – деді ол.

Комитет төрғасының айтуынша, жұмысшыларыды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамыз ету үшін Кәсіподақтар федерациясы еңбек туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынған.

“Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы еңбек туралы заңға келесі ұсыныстарды енгізді. біріншіден, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде өндірістік кеңестерді құруды міндеттеу. Екішіден, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте жұмыс беруші үшін де, жұмысшылар үшін де өндірістік кеңестің шешімін орындамағаны үшін айыппұлдар белгілеу”, – деді Гүлнара Жұмагельдиева.

Оның айтуынша, өндірістік кеңес жұмыс беруші мен кәсіподақтың келісімі арқылы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамыз ету үшін әр кәсіпорында құрылуы керек.

“Бүгінгі таңда республика кәсіпорындарында 11 754 мың өндірістік кеңес құрылды, олардың 79,4% кәсіподақтардың бастамасымен құрылған еді. Елде 120 мың кәсіпорын барын ескерсек, онда бұл өте аз. Өндірістік кеңес жұмыс беруші мен кәсіподақтың келісімі арқылы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамыз ету үшін әр кәсіпорында құрылуы керек. Қазір біз кәсіпорындарға өндірістік кеңес құруды міндеттеуді қолға алып отырмыз. Себебі міндет не норма болмағаннан кейін, жұмыс берушілер ондай кеңес құруға мүдделі емес. Ал өндірістік кеңестерді құру, әсіресе, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті аймақ болып табылатын нақты сектордағы кәсіпорындар үшін өзекті”, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, комитет төрағасы елдегі кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбегіні қорғау үшін жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу керектігін айтты.

“Жыл сайын Қазақстанда кәсіптік аурулардың 1000-ға жуық алғашқы формасы тіркеліп отыр. Олардың жартысынан көбі тұрақты еңбекке қабілеттілігін жоғалтады. Ал кәсіби аурулардың 50% -ы кейінгі кезеңдерде анықталып отыр. Қазіргі уақытта кәсіптік аурудың “асқындырылған” деген түрі көп тіркелуде. Оған қолайсыз еңбек жағдайлары, ауыр физикалық жұмыс, еңбек және тынығу режимдерінің бұзылуы, профилактикалық медициналық тексерулердің нашар жүргізілуі, денсаулықтың төмендеуі секілді мәселелер себеп болып отыр”, – деді ол.

Бұдан бөлек ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтау және кәсіптік аурулар орталығының 2018 жылға арналған мәліметтеріне сәйкес, республикада жалпы 330 науқасқа кәсіптік ауру диагнозы қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2018 жылы елімізде кәсіптік сырқаттанушылық деңгейі Қарағанды ​​және Шығыс Қазақстан облыстарында ең жоғары деңгей болып саналған, себебі 10000 жұмысшыға шаққанда 2,34 пайызды құрап отыр.

photo5341358498132372212.jpg

Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қазіргі таңдағы өндірістегі жарақаттарды азайту және қауіпсіз жұмыспен қамтамасыз ету үшін қолға алынған шараларға тоқталды.

“Биыл Еңбек және халықты қорғау министрлігі әлеуметтік серіктестерімен, атап айтқанда, кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен бірге “Қауіпсіз жұмыс” деп аталатын ақпарат тарату жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл наурыз айында үкімет өндірістегі жарақаттарды азайту және қауіпсіз жұмыспен қамтамасыз ету үшін 2019-2022 жылдарға арналған жол картасын дайындады. Оған сәйке биыл 4 семинар-жиналыс өткізу жоспарланды. Бірінші семинар Ақтөбе облысында өтті.  Онда еліміздің батыс өңірінен 200-ден астам кәсіпорын қатысты. Біз ол семинарда республикадағы кәсіпорындардағы қауіпсіздік деңгейін төмендету мәселелерін талқыладық. Бүгінгі семинарға еліміздің бес өңірінен делегат шақырылды. Және тағы екі семинарды Алматы мен Павлодар қаласында өткізу жоспарда тұр”, – деді еңбек инспекторы.

Сондай-ақ ол  істелген жұмыстардың нәтижесінде соңғы бес жылдықта өндірістегі жарақаттану деңгейінің 22 пайызға азайғанын атап өтті.

“Соңғы бес жылда өндірістегі жарақаттану деңгейі 22 пайызға азайды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биылғы статистикаға тоқталар болсам, елдегі кәсіпорындардағы өндірісте 1069 жұмысшы жарақат алды. Өкінішке орай, 111 адам ққайтыс болды. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл 13 пайызға төмен. Қазақстан 2006 жылдан бері халықаралық еңбек ұйымының мүшесі. Біз 2011 жылы ТМД елдері арасында өңірлік еңбек инспекторлар альянсын құрдық. Өндірісте жарақат алудың аздығынан біз ТМД елдерінің қатарында жетекші орындамыз”, – деді.

Бұдан бөлек еңбек инспекторы кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты екенін айтты. Себебі оның айтуынша, көптеген кәсіпорындарда жұмысшылардың қауіпсіздігн қамтамасыз ететін шаралар қолға алынбаған.

“Кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты. Тағы бір мәселе екі тараптың жауапкершілігі, яғни, жазатайым оқиғаға жұмыс беруші кінәлі ме, әлде жұмысшы кінәлі ме. Бұл жерде қатенің қанша пайызы жұмыс берушіден кеткенін, қанша пайызы жұмысшыдан кеткенін комиссия мүшелері анықтайды. 2013 жылдан бері еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Алайда, жазатайым оқиғалар болған жағдайда тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен тексеріс жүргізіледі. Ол бір өзі тексеріс жүргізбейді, оны комиссия жүргізеді. Комиссия құрамына жұмыс берушінің де, жұмысшының да өкілдері кіреді.  Комиссия мүшелері үш не бес адамнан тұрады. Жиналған деректерге қарап комиссия мүшелері шешім қабылдайды”, – деді  Төлеген Оспанқұлов.

Айта кетейік, аталған семинарға Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіптік даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ҰКП, ҚР Еңбекминні «ЕҚРҒЗИ» РМКК-ның, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ және «BI Group» холдингінің өкілдері қатысты.

Сонымен қатар айта кету керек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылды “Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы” деп жариялаған болатын. Осыған байланысты республикада аталған тақырыпқа арналған бірнеше іс-шаралар өткізілуде.

https://strategy2050.kz/news/k-sipoda-tar-federatsiyasy-e-bek-turaly-za-a-zgerister-engizudi-syndy/?sphrase_id=702853