Бастауыш кәсіподақ ұйымының маңыздылығы талқыланды

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген Жуалы ауданы, Көлбастау ауылындағы А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесу өткізді.

Білім беру мекемесінде 400-ден астам оқушы білім алады және 100-ден мұғалім қызмет етеді.

Кездесуде бірлестік төрағасы ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының бүгінгі күні атқарып отырған қызметімен жан-жақты таныстырды. Ортақ мақсаттағы әрбір іске бастауыш ұйымдарының тікелей қатысы бар екенін, кәсіподақтың тірегі – бастауыш кәсіподақ ұйымы болып табылатындығын атап өтті.

60-қа жуық кәсіподақ мүшесі қатысқан басқосуда лайықты еңбекпен қамтамасыз ету, еңбек қатынастарындағы құқықтық мәдениетті арттыру және кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарындағы маңызды аспектілер де әңгіме болды. Ұлттық құндылықтың негізі адал еңбекті бағалау, лайықты еңбек ақымен қамтамасыз ету және адамдардың бір-бірін құрметтеумен маңызды екені баса көрсетілді.

Еркін пікір алысу кезінде еңбек адамдарының арыз-шағымдарына, өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аудару, уақтылы шешуіне ықпал етуге қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуы, жер-жерде кәсіподақтардың қоғамдық қабылдауын ұйымдастыру және «Қазақстан кәсіподағы» газетін жаздырып алу бастауыш ұйым қызметіне тиімді екені сөз болды.

Өз кезегінде шалғайда тұратын мұғалімдер кәсіподақ көшбасшыларының арнайы келіп, ұтымды кездесу өткізудің қажеттігің тілге тиек етті.