Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша өндірістегі қауіпті факторлардан жыл сайын 2,3 миллионға жуық адам қаза табады. Яғни, бұл Латвия халқының санымен бірдей деуге болады. Бұл дүние жүзі бойынша жүрек-қан тамырлары және онкологиялық сырқаттардан көз жұматындардан кейін үшінші орында тұр. Сондай-ақ адам қазасымен аяқталған жазатайым оқиғалар жас және тәжірибесіз қызметкерлер арасында жиі орын алатын көрінеді.
Жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты
Елімізде соңғы бес жылда өндірісте жарақат алу 22%-ға, оның ішінде қайтыс болған адамдардың саны 40%-ға дейін төмендеген. Дегенмен Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жұмыскерлердің 23%-ы, яғни 700 мыңға жуық адам зиянды өндірістік ортада еңбек ететін көрінеді. Ал жыл сайын
2 мыңға жуық қызметкер жұмыс кезінде жазатайым жағдайға тап болса, оның 300-дейі өмірімен қоштасады екен. Сондықтан да биыл наурыз айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік серіктестерімен, атап айтқанда кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен бірге «Қауіпсіз еңбек» атты ақпараттық науқанды жүргізіп жатыр. 26 маусымда Үкіметтің №441 қаулысымен өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.
Соған сәйкес министрлік биыл 4 семинар өткізуді жоспарлаған. Бірінші семинар батыс өңіріндегі 200-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Ақтөбе облысында өтіп, кәсіпорындардағы қауіпсіздік деңгейін төмендету мәселелерін талқылаған болатын. Жақында елордада бес өңірден келген делегаттардың қатысуымен өткен екінші семинарда журналистерге сұхбат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ендігі екі басқосу Алматы және Павлодар қалаларында өтетінін айтты.
Осы семинарда сөз алған Төлеген Оспанқұлов Қазақстан 2006 жылдан бері халықаралық еңбек ұйымының мүшесі екенін, 2011 жылы ТМД елдері арасында өңірлік еңбек инспекторлары альянсын құрғанын айта келіп, өндірісте жарақат алу ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін атап өтті. «Биылғы статистика бойынша, 1069 жұмысшы өндірісте жарақат алды. Өкінішке қарай, 111 адам қайтыс болды. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл 13%-ға төмен», деді ол.
Сондай-ақ еңбек инспекторы көптеген кәсіпорындарда жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қолға алынбағандықтан жазатайым оқиғалардың 95 пайызы өндіріспен байланысты екенін жеткізді. «Жазатайым оқиғаға жұмыс беруші кінәлі ме, әлде жұмысшы кінәлі ме? Бұл жерде қатенің қанша пайызы жұмыс берушіден кеткенін, қанша пайызы жұмысшыдан кеткенін комиссия мүшелері анықтайды. 2013 жылдан бері еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Алайда, жазатайым оқиғалар болған жағдайда тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен тексеріс жүргізіледі. Ол бір өзі тексеріс жүргізбейді, оны комиссия жүргізеді. Комиссия құрамына жұмыс берушінің де, жұмысшының да өкілдері кіреді. Комиссия мүшелері үш не бес адамнан тұрады. Жиналған деректерге қарап комиссия мүшелері шешім қабылдайды», дейді Т.Оспанқұлов.
Еңбек инспекциясы орталық органға бағынуы керек
Алайда, мәселенің бәрі еңбек инспекциясының жергілікті атқарушы органдарға берілуінде болып отыр. Осы пікірді көлденең тартқан «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК бас директоры Серікқали Бисақаев еңбек инспекциясы орталық органға, яғни министрлікке бағынбайынша статистиканың шынайы болмайтынын айтады. «Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының №81 және №129 екі конвенциясын қабылдадық. Онда еңбек инспекциясы орталық органға ғана бағынуы керек және олар кез келген уақытта мекемеге жұмыс берушіге ескертпей-ақ тексеру үшін кіре алады делінген. Ал бізде еңбек инспекциясының тізгінін жергілікті атқарушы билікке ұстатып қойды. Мұндай жағдайда бәрі түсінікті. Олар кімді тексеріп, кімге айыппұл салу керектігін өздері шешеді деген сөз. Екіншіден, Кәсіпкерлік кодексте еңбек инспекторлары жұмыскерлерден арыз түскен жағдайда Бас прокуратураның статистика мекемесіне тіркеліп, алдын ала жұмыс берушіні ескертіп барып қана тексере алады. Демек тосыннан тексеруге жол жоқ. Ал жұмыскерлер болса жұмысынан айырылып қалуынан қорқып, арыз жазбайды, сондықтан тексеріске негіз де болмайды.
Мемлекеттің заң шығару және оның орындалуын бақылау сынды екі негізгі міндеті бар. Соған байланысты еңбек заңнамаларын бақылау үшін Қазақстанда еңбек инспекциясы құрылды. Қабылдаған конвенцияның дәрежесі Конституцияда жазылған. Яғни, оны Еңбек кодексінен де жоғары деп есептеуге болады. Халықаралық ұйымға кіргеннен кейін оны орындауымыз керек», дейді техника ғылымдарының докторы С.Бисақаев.
Серікқали Бисақаевтың айтуынша, көптеген мәселе жұмыс берушінің де, жұмыскердің де Еңбек кодексінің талаптарын толық орындамауынан туындайды. «Қазақстанда мемлекеттік инспекциясы барлық облыстарда бар. Ол бар болғаны 250-дей ғана адам. Қазақстанның әрбір жеріне инспектор қоя алмайсың. Аз ғана еңбек инспекторының бәрін бақылап тұруға мүмкіндігі де жоқ. Соған байланысты Еңбек кодексінде көрсетілген мекемелердің ішкі, техникалық және қоғамдық инспекторлары бар. Негізгі міндеттерді солар атқаруы керек. Яғни, әрбір мекемеде қауіпсіздікті бақылайтын, қадағалайтын, ережелерді күнделікті үйрететін қызметтер құрылған. Бірақ олар өзінің міндеттерін толық атқара алмай жатыр. Бізде қауіпсіздік жағдайын жасайтындай ереже де, мүмкіншілік те бар. Алайда, біздің жұмыскерлеріміздің арасында, қайғылы жағдайға әкеліп соқтыратын жалған батырлық көптеп кездеседі. Сондықтан жұмыс берушілер бақылауды күшейткендері дұрыс. Егер жұмысшының ережені дөрекі бұзғаны анықталса оны жұмыстан шығарып жіберуге дейін бару керек», дейді ол.
Кәсіптік аурулар көбейіп барады
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтау және кәсіптік аурулар орталығының 2018 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, республикада жалпы 330 науқасқа кәсіптік ауру диагнозы қойылған екен. Сондай-ақ кәсіптік сырқаттың өршіп тұрған өңірі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары болған. Онда 10 мың жұмысшыға шаққанда 2,34% пайызды құраған.
«Статистика жөніндегі уәкілетті органның мәліметтеріне сүйенсек, былтыр сауалдамаға қатысқан кәсіпорындардың 1,6 миллион қызметкерінің 373 мыңы немесе төрттен бірі зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған. Өткен жылы 676 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайындағы жұмысы үшін әртүрлі өтемақы алды. Бұл үшін жұмыс берушілерге 116,3 млрд теңге бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8%-ға көп», дейді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Т.Оспанқұлов.
Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Гүлнар Жұмагелдиеваның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындардағы еңбек жағдайына талдау жүргізген. Нәтижесінде жұмыс берушілердің жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етпегені белгілі болған. Сондықтан да ол үкімет пен әлеуметтік серіктестерді тиісті шаралар қабылдауға шақыратынын айтты. «Қазір 18 мыңнан астам техникалық инспектор осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Былтыр олар 140 мыңнан астам бұзушылықтарды анықтады. Тексеріс кезінде жұмыс берушілердің кәсіптік ауруларға қатысты жағдайларды да жасырып қалатыны байқалған. Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіне мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды: ең алдымен өндірістік кеңестерді құруды міндеттеу, екіншіден, әкімшілік құқық бұзушылық болған жағдайда өндірістік кеңестің шешімін орындамағаны үшін жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да айыппұлдар белгілеу», деді ол.
Оның айтуынша, жұмыс беруші мен кәсіподақтың келісімі арқылы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін өндірістік кеңес әр кәсіпорында құрылуы керек. «Бүгінде еліміз кәсіпорындарында 11 754 өндірістік кеңес құрылды, олардың 79,4%-ы кәсіподақтардың бастамасымен өз жұмысын бастады. Елде 120 мың кәсіпорын барын ескерсек, онда бұл әлі де жеткіліксіз. Өндірістік кеңес жұмыс беруші мен кәсіподақтың келісімі арқылы өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін әр кәсіпорында құрылуы керек. Қазір біз кәсіпорындарға өндірістік кеңес құруды міндеттеуді қолға алып отырмыз. Себебі міндеттелмегеннен кейін, жұмыс берушілер ондай кеңес құруға мүдделі емес. Ал өндірістік кеңестерді құру, әсіресе адам өмірі мен денсаулығына қауіпті аймақ болып табылатын нақты сектордағы кәсіпорындар үшін маңызды», деді Г.Жұмагелдиева.
Сондай-ақ кәсіптік аурулардың көбейіп бара жатқанын және оның дер кезінде алдын алу керектігін айтқан Гүлнар Жұмагелдиева былай деді: «Елімізде жыл сайын 1000-ға жуық адам кәсіптік аурулардың алғашқы кезеңімен тіркеледі. Олардың жартысынан көбі тұрақты еңбекке қабілеттілігін жоғалтады. Ал кәсіптік аурулардың 50%-ы кейінгі кезеңдерде анықталып отыр. Қазіргі уақытта кәсіптік аурудың асқынған деңгейі көп тіркелуде. Оған қолайсыз еңбек жағдайлары, ауыр физикалық жұмыс, еңбек және тынығу режімдерінің бұзылуы, профилактикалық медициналық тексерулердің нашар жүргізілуі, денсаулықтың төмендеуі секілді мәселелер себеп болып отыр».
Қалай дегенмен де біздің елдегі еңбек қауіпсіздігінің сақталуы әлі де болса оң шешімін таба қойған жоқ. Еңбек қауіпсіздігі бойынша Қазақстандағы көрсеткіштің 1000 адамға шаққандағы деңгейі дамыған Еуропа елдеріне қарағанда 2-3 есеге дейін артық екенін ескерсек, алдағы атқарылар жұмыстың да аз емес екенін байқаймыз.
https://egemen.kz/article/213919-enhbek-qauipsizdigi-tuytkildi-maseleninh-tuyini-tarqay-ma