Ұжымдық шарт талаптары – басты назарда

25 қарашада «Қуатамлонмұнай» біріккен кәсіпорыны ​ жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде компанияның кәсіподақ ұйымының бастамасымен кездесу өтті.​

Кездесуге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары М.Бәйімбетов, мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрайымы А.Искакова, компания директорының орынбасары, вице-президент​ Чжан Лимин, әкімшілік директоры Чжу Айцзюнь,​ жалпы мәселелер бойынша директордың кеңесшісі Е.Несіпбайұлы және де басқа да жауапты мамандар қатысты.

Кездесу барысында мұнай компаниясының 2018-2020 жылдарға арналып жасалған Ұжымдық шартына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Компанияның кәсіподақ ұйымы бастамасымен Ұжымдық шарттың бірнеше талаптарына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.

Атап айтқанда,​ еңбеккерлердің үстеме жұмысы ақысы, еңбек демалыстарын ұйымдастыру, жұмыскерлерге және олардың отбасыларына әлеуметтік көмектер қарастыру, медициналық сақтандыру сомасын көбейту және басқа да талаптар қаралған.