НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комиссия құруды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылып отырмағанын атап өткім келеді. Еңбек дауын шешуге мемлекеттік органдар қатысады. Ал бұл мәселе ең алдымен жұмысшы мен жұмыс беруші ортасында кәсіподақтардың араласуымен шешілуі керек. Еңбек министрлігіне кәсіподақтармен, «Атамекен» палатасымен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жыл соңына дейін әлеуметтік әріптестік форматтарын түрлендіру жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын», – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. Үкімет басшысы сонымен бірге денсаулық сақтау мен еңбек министрлігіне кәсіподақ федерациялармен бірлесіп, кәсіптік ауруларды болдырмау мақсатында сырқаттарды ерте анықтау жөнінде шараларды қолға алуды тапсырды. «Еңбек министрлігі кәсіподақтармен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанның халықаралық еңбек конфенцияларына қосылу мүмкіндігін қарауы, әлеуметтік еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комисия құруды пысықтасын», – деді Үкімет басшысы.