Серікқали Бисақаев: “Кәсіподақ мүшелерінің санын көбейту керек”

Кез-келген шарт, сонымен бірге ұжымдық шарт (ҰШ) болсын азаматтық кодекстің талабына сай жазылуы қажет. Екіжақты, ерікті түрде келісіп отырып жасалады. Сонымен бірге ҰШ заңмен міндеттегеннен пайда болады ма, жоқ па ол жағына менде күдік бар. Себебі біз міндеттейміз. Ал онда жұмыс беруші қызметкердің пайдасына қажетті бап жаза ма, әлде Еңбек кодексінде көрсетілген жеңілдіктерді тізіп қоя ма, мәселе сонда.  Тәжірибеде ондай ҰШ көптеп кездеседі. Ал ол ерікті болуы тиіс.  Екі жақты келісім арқылы ғана шешілу керек. Саны көп те, сапасы жоқ ҰШ болады деген пікір туындайды.

Қазір Қазақстанда шамамен 6,7 миллион жалдамалы қызметкер бар.  Заң талабын күшейтіп оның барлығымен ұжымдық келісімшарт жасатамыз деп айту қиын.

Кәсіподақтар федерациясы өздерінің үгіт-насихат жұмысы арқылы  кәсіподақ мүшелерінің  санын көбейтуі керек деп есептеймін.  Себебі қателеспесем,  қызметкерлердің  30-33 % ғана кәсіподаққа мүше. Яғни кәсіпорындарда қызмет ететін 70 % азаматтарды кім басқарып, жұмыс берушімен тепе-тең келіссөз жүргізіп, ҰШ жасай алады деген сұрақта туындайтыны анық қой. Яғни ұсыныс айтып, өзінің сөзін өткізе алатындай көшбасшысы болуы керек деген сөз. Ол азамат жұмыс берушіден тәуелсіз болуы керек. Қазіргі нарықтық заманда ондай адам қарапайым жұмысшылардың арасынан табыла ма?!

Кәсіподақ жоқ жерлерде сол жұмыс берушіден жалақы алып отырған қарапайым жұмысшы осындай қатаң талап қойып, ұсыныс айтатын болса, оған жұмысын жоғалтып алуы қаупі төнбей ме?!  Қазір жалдамалы қызметкер ретінде жалақысын алып отыр, ал ертең кәсіподақ көшбасшысы боламын деп жалақысынан айырылып қалса не болады?! Сондықтан ол ерікті түрде болуы керек.

Үкіметте көтерген тағы бір мәселе еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуге қатысты болды.  Бұны министірлік Парламент қарауында жатқан Еңбек Кодексінің жобасына енгізгенін білем. Бұл да оңай мәселе емес. Қазір Қазақстанда бір біріне ұқсайтын қолдануға күрделі екі жүйе бар. Біреуі Халықаралық, екіншісі Халықаралық Еңбек Ұйымыныкі. Бұл екі жүйе  250 ден жоғары жұмысшылары бар үлкен кәсіпорындарға арналған. Шағын және орта кәсіпкерлердің  бұны орындауы өте қиын. Талаптары көп.15 мың кәсіпорынға ғана енгізілді. 220 мың кәсіпорын болса, 15 мың деген не? Бар болғаны 15 %. Осы себепті бұны жұмыс берушіге міндет ретінде кіргізу ұсынылып отыр. Алайда ол кезең-кезеңмен енгізіледі, яғни 2-3 жыл керек болады.

Сол себептен Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігінің  тапсырмасымен біздің институт орта және кішігірім мекемелерге арналған жүйені жасап жатыр. Ол келесі жылы бітеді. Биыл 20 мекемеде сынақтан өтті. Бұл жеңідетілген жүйе. Ең құрығында осыны іске асырса, оларда басқаруға болады.

ҚРКФ Төрағасының көтерген тағы бір мәселесі еңбек қауіпсіздігі үшін әкімшіліктік-құқықтық шараларын күшейтуге қатысты болды. Ол Қазақстанның әкімшілік, қылмыстық кодекстерінде жеткілікті айтылған. Кодекстерде бұл бойынша айыппұл салу,  бас бостандығынан айыру деген сияқты  нормалар бар. Мысалы, өндірісте қайғылы жағдай болғанда Ішкі істер органдарының бөлімшелері іс қозғайды. Бірақ сол істердің көбі сотқа дейін жетпейді. Іс сотта қаралуы керек. Бұл жерде Ішкі Істер министрлігінің жаупкершілігін көтеру керек. Кінәлі жұмыс беруші ең құрығында   сот алдында жауап беруі керек. Осылайша ол өзінің жұмысшысы алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Жұмысшы мен оның отбасын қандай жағдайға душар еткізгенін түйсінуі тиіс.

Кәсіподақтың штаттан тыс қызметкерлердің құқын қорғау туралы айқанына толық келісемін. Себебі қазір көптеген мекемелердің штаттан тыс қызметкерлері бар. Олар заңмен қорғалмаған. Төменгі жалақыға жұмыс жасайды. Штаттан тыс қызметкер дегенді мүлдем тоқтату керек. Мекеме бар ма, қызметкері штатта болуы керек. Еңбек шартына отыруы тиіс. Бұл тұста мен Тоғжанов мырзаның айтып отырғанын жүз пайыз қолдаймын.

 

 

Серікқали Бисақаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  «Республикалық еңбекті қорғау жөніндегі ғылымизерттеу институты» РМҚК Бас директоры