Жамаладен Ибрагимов : «Өзекті мәселелерді әлеуметтік әріптестік арқылы шешуге болады»

Кәсіподақ Федерациясы өзекті мәселелерді  күн тәртібіне қойып отыр. Әсіресе, дауларды сотқа жеткізбей, татулық рәсімдері арқылы шешу тетіктері өте құптарлық бастама. Себебі,  еңбек дауларын оңтайлы шешуде татуласу орталықтары маңызды рөл атқаратыны даусыз.

Жалпы еңбек саласындағы ұлттық заңнаманы Халықаралық Конвенциялар талаптарына сәйкес бейімдеу жұмыстары да кезек күттірмей шешуді қажет етеді. Өзге елдердегі Халықаралық Еңбек Ұйымы конвенцияларын ратификациялау көрсеткіштерін салыстырсаңыз бұған айқын көзіңіз жетеді.

Еңбек Кодексі барлық азаматтардың құқығына қатысты болғандықтан, оған өзгерістер мен толықтырулар қажет екендігіне назар аударылған. Еңбек кодексінің ұжымдық еңбек дауларын реттеуге қатысты нормасындағы кәсіподақтардың жұмысшылардың талаптарын жеткізу құқығына қатысты ұсыныстарын құптаймын.

Қолданыстағы Еңбек Кодексінің қабылданғанына көп уақыт болмаса да, оған өзгерістер енгізу заман талабынан туындап отыр. Цифрлы өркениет, жаңа технологиялар еңбек етуді құқықтық тұрғыдан реттеуді қажет ететіндігін күнделікті құқық қолдану тәжірибесі көрсетіп тұр.

Кәсіподақ ұйымдарымен атқарушы билік өкілдері бірлесіп жұмыс істейтін болса көп мәселелерді тиімді шешуге болады.Өйткені, қоғамдағы тұрақтылық азаматтық қоғам институттары мен билік тармақтары өзара сабақтасып жұмыс істегенде ғана сақталады.

Жамаладен Ибрагимов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы.