Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының (ҚРКФ) төрағасы Ералы Тоғжанов және «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары Конфедерациясының президенті Эргюн Эталай 5-6 желтоқсанда Анкарада ұйымдастырылған «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары Конфедерациясының XXIII Конгресі аясында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Түрік әріптесімен кездесу барысында ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) енгелі, әлеуметтік әріптестік институты және сонымен бірге кәсіподақ қозғалысы жедел қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
«Әлеуметтік әріптестер арасында әлеуметтік, экономикалық және еңбек мәселелері бойынша үшжақты кеңесулер, ұсыныстар мен келіссөздер қоғамдағы әлеуметтік наразылықтарды төмендетуге негіз болып отыр және бұл тұрғыда әлеуметтік диалог жүргізуде кәсіподақтарға басты роль берілген», – деп атап айтты Ералы Тоғжанов.
Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар төрағасының айтуынша, кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайлары қамтамасыз етілген, еңбек қатынастары тұрақты, жалақылары уақытында төленіп, әлеуметтік төлемдер мен өтемақы төлеуге кепілдік сақталып отыр.
«Қазір ұжымдық шарт жұмысшылардың әлеуметтік- еңбек құқығын қорғауда кәсіподақтардың басты құралына айналған және жұмыс берушілермен бірлескен жұмыс барысында тиімділігін көрсетіп отыр», – деп атап көрсетті ҚРКФ басшысы.
Ералы Тоғжанов «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары Конфедерациясының президенті Эргюн Эталайға арнаған сөзінде Қазақстан мен Түркияның ұлттық кәсіподақ орталықтары екі ел еңбеккерлері мен кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және түсіністікті тереңдетуге бағытталған іскерлік байланыста екендігін атап айтты.
Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: әлеуметтік әріптестікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту және жұмыссыздықпен күресте белсенді саясат, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық келісімдер арқылы реттеу, еңбек қауіпсіздігін талқылады. Сонымен қатар, кәсіподақтар көшбасшыларын дайындау мақсатында тараптар кәсіподақтық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты.
Қазақстан мен Түркия кәсіподақтары ұйымдарының басшылары бұл құжат екі ел еңбеккерлері арасындағы түсіністікті одан әрі дамытып, ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынасты тереңдетуге ықпал етеді деп атап өтті.
«Турк-Иш» – 820 мың мүшесі бар Түркияның бұрыннан келе жатқан және ең ірі кәсіподақтар орталығы. Түркия республикасындағы 20 өндіріс саласының 33 мүшелік ұйымының басын біріктіреді. «Турк-Иш» Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына (ХКК) кіреді және осы ұйымының президенті Эргюн Эталай ХКК вице-президенті, ХКК Исполкомының мүшесі сонымен қатар, Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясына (ЕКК) кіреді әрі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жанындағы кәсіподақтық консультативтік кеңестің мүшесі.
Анықтама: «Турк-Иш» – Түркиядағы бұрыннан келе жатқан және ірі ұлттық кәсіподақтар орталығы, құрамында 820 мың кәсіподақ мүшесі бар. 5-6 желтоқсанда Анкарада өтіп жатқан «Түрк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары Конфедерациясының XXIII Конгресіне ХЕҰ, ХКК өкілдері, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Сербия, Албания, Пәкістан, ХКК (Азия-Тынықмұхиты аймағы),Украина, ЕКК, Косова, Көліктік жұмысшылардың халықаралық федерациясы, (ХКФ), Албания кәсіподақтар конфедерациясы (KSSH), Греция, Беларусь, Македония, Палестина кәсіподақтық ұйымдарының басшылығы шақырылған.