АНКАРА. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов және «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары конфедерациясының президенті Эргюн Эталай Анкарада өтіп жатқан «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары Конфедерациясының XXIII конгресі аясында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Түрік әріптесімен кездесу барысында ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымына енгелі әлеуметтік әріптестік институты және сонымен бірге кәсіподақ қозғалысы жедел қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. «Әлеуметтік әріптестер арасында әлеуметтік, экономикалық және еңбек мәселелері бойынша үшжақты кеңесулер, ұсыныстар мен келіссөздер қоғамдағы әлеуметтік наразылықтарды төмендетуге негіз болып отыр және бұл тұрғыда әлеуметтік диалог жүргізуде кәсіподақтарға басты рөл берілген», – деді Ералы Тоғжанов. Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар төрағасының айтуынша, кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілген, еңбек қатынастары тұрақты, жалақы уақытында төленіп, әлеуметтік төлемдер мен өтемақы төлеуге кепілдік сақталып отыр. «Қазір ұжымдық шарт жұмысшылардың әлеуметтік- еңбек құқығын қорғауда кәсіподақтардың басты құралына айналған және жұмыс берушілермен бірлескен жұмыс барысында тиімділігін көрсетіп отыр», – деп атап көрсетті ҚРКФ басшысы. Ералы Тоғжанов «Турк-Иш» Түрік Республикасы кәсіподақтары конфедерациясының президенті Эргюн Эталайға арнаған сөзінде Қазақстан мен Түркияның ұлттық кәсіподақ орталықтары екі ел еңбеккерлері мен кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және түсіністікті тереңдетуге бағытталған іскерлік байланыста екенін атап айтты. Келіссөз барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: әлеуметтік әріптестікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту және жұмыссыздықпен күресте белсенді саясат, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық келісімдер арқылы реттеу, еңбек қауіпсіздігін талқылады. Сонымен қатар, кәсіподақтар көшбасшыларын дайындау мақсатында тараптар кәсіподақтық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты. «Турк-Иш» – 820 мың мүшесі бар Түркияның бұрыннан келе жатқан және ең ірі кәсіподақтар орталығы. Түркия республикасындағы 20 өндіріс саласының 33 ұйымының басын біріктіреді. Сондай-ақ, сапар барысында Ералы Тоғжанов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтар федерациясы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік Кеңесі (ХКК БЕӨК) арасындағы ынтымақтастық мәселелерін ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов пен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік Кеңесінің президенті Ираклий Петриашвили талқылады. Тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінде бірлесе әрекет етуге баса назар аударды. Халықаралық ынтымақтастық мәселелері ҚРКФ төрағасы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) кеңесшісі Яп Винненмен болған кездесуде де жалғасын тапты. Тараптар ҚР Кәсіптік одақтары федерациясының Халықаралық еңбек ұйымындағы сарапшылар комитетінің ұсыныстары бойынша «Кәсіптік одақтар туралы» заңға байланысты қолға алып жатқан іс-шараларды талқылады. ҚРКФ төрағасы атап өткендей, еңбек және әлеуметтік заңнамаларды еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдауға әзірлеу арқылы жүргізілуде. Ералы Тоғжановтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулардың жалпы саны – 163, оның ішінде 19 өзгерту Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары мен конвенцияларды жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар, Анкарадағы конгресс аясында Ералы Тоғжанов Әзірбайжан кәсіподақтары конфедерациясы төрағасының орынбасары Джаваншир Алхасовпен кездесті. Әзірбайжан кәсіподақтары Конфедерациясы ХКК тең құқылы мүшесі болып саналады. ҚРКФ және ӘКК арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға 2015 жылы қол қойылған. ҚРКФ төрағасы сонымен қатар, Өзбекстан кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиковпен келіссөз жүргізді. Өзбекстанның кәсіподақтары Федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының ассоциацивті мүшесі. Екі ұлттық Федерация арасындағы ынтымақтастық алты жыл бұрын бекітілген Меморандумнан бастау алады. Кездесу барысында бірлескен жұмыстардың болашақ бағыттары, Ортаазиялық мемлекеттер (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан) кәсіподақтарының өңірлік бірлескен іс-әрекеттері туралы келісімге қол қоюдың болашағы талқыланды. Айта кету керек, қ азіргі күні Өзбекстанның кәсіподақтар федерациясында 6,1 миллион адам бар. Екіжақты келіссөз сонымен қатар, Украина және Беларусь елдерінің ұлттық кәсіподақ бірлестіктерінің басшылары Григорий Осов пен Анна Варфоломеевамен де жүргізілді.