Казинформ: “Кәсіподақ федерациясы марапаттады: Арасында еден жуушы, вахтер мен жүргізуші де бар”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Кәсіптік одақтар федерациясында еліміздің ең басты мемлекеттік мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда бірқатар кәсіподақ мүшелері Тәуелсіздік күніне орай марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында федерация төрағасы Ералы Тоғжанов еліміздің әр азаматы үшін ең ұлы әрі қастерлі мерекенің маңыздылығына тоқтала келе, Тәуелсіздіктің 28 жылында еліміздің қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, төраға Кәсіподақтар федерациясының ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі мен бүгінде кәсіподақтардың азаматтық қоғамның тірегіне айналғандығын айтты.

«Тәуелсіздік алғаннан бері ірі қоғамдық қозғалысқа айналған федерация құрамында қазір 2 миллионнан астам еңбеккер және 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі мен 18 мың бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар»,- деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі күні әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс орындарын сақтауға қатысты 117 мың меморандумға қол қойылған. Кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 15 мың өндірістік кеңестер құрылып, жұмыс істейді. Бұдан бөлек, федерация басшысы өңірлерге жұмыс сапарында еңбек ұжымдары тарапынан көтерілген өзекті мәселелерге де тоқталды.

Ералы Тоғжанов сөзінің соңында кәсіподақ мүшелеріне еліміздің тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы және кәсіподақ қозғалысын жандандырудағы еңбектеріне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. Салтанатты жиында бірқатар кәсіподақ мүшелері Тәуелсіздік күніне орай ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің өңірлерінен 16 кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «Химия, мұнайхимия және өнеркәсіп тектес сала жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Керім Пірімқұлұлы және «Құрылыс кешені және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Құсейін Есенғазин марапатталды. Марапатталғандар қатарында вахтер Есенгелді Нұрмағанов, көлік жүргізуші Қайрат Ибраев, Нұр-Сұлтан қаласының № 51 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Өрік Ибраева және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахта машинистерінің бригадирі Амантай Шонтаев бар. Айта кетерлігі, ҚРКФ төрағасының Алғыс хаты еден жуушы Шолпан Тұрғымбаеваның өмірінде бірінші алған марапаты екен. «Мен 56 жастамын. Бұл жұмысты хабарландыру арқылы таптым. Менің жасымда мұндай жұмысты табу да оңай емес. Кәсіподақтың менің еңбегімді бағалағанына ризамын», – деп қуанышымен бөлісті Шолпан Тұрғымбаева. Кәсіптік одақтар федерациясының салтанатты іс-шарасында мемлекеттік және кәсіптік одақтар наградаларымен еліміздің әр өңірінен түрлі салалардың 24 қызметкері марапатталды.

https://www.inform.kz/kz/kasipodak-federaciyasy-marapattady-arasynda-eden-zhuushy-vahter-men-zhurgizushi-de-bar_a3594203