ҚРКФ төрағасы жаңаөзендіктермен кездесті

 ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов үкімет делегациясының құрамында жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында жүр.

 18-19 желтоқсан күндері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкімет делегациясы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды.

18 желтоқсанда жұмыс тобының мүшелері бірқатар әлеуметтік және мәдени объектілерді аралап, Жаңаөзен қаласының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен тапсырмалардың жүзеге асу барысы туралы айтылды.

Кездесу барысында Жаңаөзен тұрғындары делегация мүшелеріне әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.

«Өзенпромгеофизика» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерік Садыров ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжановқа кәсіпорын жұмысшыларының мәселелерін шешуде көрсеткен қолдауы үшін алғысын айтты.

Атап өткендей, ҚРКФ қолдауымен «Өзенпромгеофизика» АҚ жұмысшыларының жалақысын арттыру туралы мәселе шешілу кезеңінде.

Ералы Тоғжанов бұл мәселе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының бақылауында екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, ҚРКФ төрағасының 11-12 қараша күндері Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңір халқы бірқатар мәселелерді көрсеткен болатын.

Олардың ішінде – «М-Техсервис» компаниясындағы еңбек дауы. Кәсіпорын жұмысшылары жалақыны арттыру туралы талап қойды, мәселе ереуілге дейін жетті. «М-Техсервис» ЖШС жұмысшыларының «Аспан» жергілікті кәсіподағының хабарлауы бойынша, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығында «М-Техсервис» ЖШС басшылығы мен кәсіподақ активінің кездесуі шұғыл түрде ұйымдастырылды.

«Келіссөздер барысында кәсіподақтың жәрдемдесуімен жағдай оң шешімін тапты, яғни жұмысшылардың жалақысын 50%-ға арттыру туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік әріптестік механизмдері жұмыс орындарын сақтауға және осы кәсіпорын жұмысшыларының талаптарын қанағаттандыруға мүмкіндік берді», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы Жаңаөзен халқымен кездесу барысында.

Сонымен қатар, ол жұмыс беруші мен «Кезби» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы арасындағы қарым-қатынастағы даулы мәселелер жақын арада шешімін табатынын мәлімдеді.

ҚРКФ төрағасының мәліметі бойынша, 23 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімдігінде үшжақты комиссия отырысы өтеді, мұнда әлеуметтік әріптестік тараптары әріптестіктегі өзара даулы мәселелерді қарастырады.

««Ақтау мұнай сервистік компаниясында» осындай жағдай орын алды. ҚРКФ заңгерлерінің қолдауымен жұмыс берушінің кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметіне араласуы туралы дау шешілуде. Біз тараптар өзара келісімге келуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, бүгінде «МұнайФилдСервис» ЖШС жұмысшыларының жергілікті кәсіподағының өтініші бойынша ҚРКФ жұмыс берушімен даулы мәселені шешуде заңды көмек көрсетуде.

19 желтоқсанда үкімет делегациясының Маңғыстау облысына жұмыс сапары Ақтау қаласының бірқатар объектілерін аралаумен жалғасады.

Әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы мәселелер облыс әкімдігінде өтетін әлеуметтік әріптестердің кездесуі барысында қаралады.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі