Әлеуметтік мәселелер – үшжақты комиссияның басты назарында

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепбергеннің төрағалығымен Жамбыл облысының әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті 6-шы отырысы өтті.

Күн тәртібінде еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарының 11 айлық қорытындысы мен еңбек жанжалдары, еңбек шиеленістерін болдырмауға бағытталған шаралар туралы Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Есіркеповтың, аудан әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалды.

Баяндамашы Е.Есіркеповтың мәліметтері бойынша өңірде жыл басынан бері 5039 жұмыскер алдында 823,1 млн. теңге жалақы қарыздары анықталып, қабылданған шаралар нәтижесінде 4713 жұмыскердің құқықтары қорғалып, 757 млн. теңге жалақы қарызы өндірілген.

Осы жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге облыс бойынша ағымдағы және мерзімі өткен жалақы қарыздары толығымен жойылған. Дегенмен, сот шешімімен банкротқа ұшыраған және оңалту рәсімі қолданылған 2 кәсіпорында 182 жұмыскер алдындағы 66,1 млн теңге жалақы қарыздары қалып отыр. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарға қатысты қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып отыр, деді Е.Есіркепов. Сонымен қатар, облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінің ұжымдық шартпен қамтылу барысы да талқыланды. Есепті мерзімге бұл көрсеткіш 57% құрап отыр.

Сол сияқты, аудан әкімдерінің орынбасарлары да аталған саладағы атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, шешілмей отырған мәселелерді ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған төраға М.Төлепберген әлеуметтік сала бүгінгі таңда өте өзекті, сондықтан ол қазір Үкіметтің де, Кәсіподақтар Федерациясының да басты назарында екенін алға тартып, шешімін табуы тиіс мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.