Форумға еліміздің әр аймағынан 1200 делегат келді. Өнер орталығында өткен жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботакөз Жақселекова, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов қатысты.
Форум басталмас бұрын фойеде фармацевтикалық өнімдер мен медициналық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі бастаған қонақтар әрбір бұйыммен танысып шықты.
Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бір жүйеден екінші жүйеге ауысқанда қиындықтардың болатыны анық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономикалық қиындықтарды бастан кешірді. Оны осы залда отырған үлкендер жақсы біледі. Ал қазір қиындықтар артта қалды. Еліміздің қай саласы болмасын дамып жатыр. Әрбір адам еңбек етіп, соның жемісін көргісі келеді, соған лайық еңбекақы алуды ойлайды. Осы ретте жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарының дұрыс болуын атқарушы орган ретінде қадағалап, заң аясында тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешуге ықпал жасаудамыз. Инвесторларға жағдай жасаумен қатар жұмысшылардың да әлеуметтік жағдайын көтеруді ұмыт қалдырмауымыз қажет. Еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының да еңбек заңдылығын қадағалаудағы орны бөлек. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум осы бағыттағы жұмыстарды реттеп, әрі қарай белсенді еңбек етуге ықпал жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кәсіподақтар қызметкерлеріне үлкен сенім артып, «Тәуелсіздікке жанашыр, әлеуметтік тұрақтылыққа жанашыр, әділеттілікке жанашыр, бәрінің негізін қалаушы Еңбек адамына жанашыр Сіздер – кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері» — деген болатын. Облыс бойынша Кәсіподақтар орталығының 130 мыңнан астам белсенді мүшелері 1175 бастауыш және 25 салалық кәсіподақ ұйымының қызметін үйлестіріп келеді, — деді облыс әкімі.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов облыс әкіміне денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған форумға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, федерация тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
— Ақтөбедегі бас қосудың мақсаты — барлығымыз бірге ақылдасып, күрделенген мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру, нақты шешім қабылдау. Осы қызметке келгеніме үш-төрт ай болды. Көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік мәселелер де бар. Парламентте педагогтердің мәртебесін көтеруге қатысты заң жобасы талқыланып жатыр. Дәрігерлерге қатысты мәселелер де көтеріледі, — деген федерация төрағасы елімізде кез келген азамат кәсіподақ ұйымдарына еркін хабарласа алатынын, қандай да бір мәселе болса өзіне әлеуметтік желісі арқылы жолдауға болатынын айтты. Кәсіподақтардың рөлін күшейту, медицинадағы проблемаларды шешуге қатысты ойларын ортаға салды.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен форумның кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыруға, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі күні дәрігерлердің еңбекақысы, олардың мәртебесін көтеру мәселелері өзекті болып отыр. Парламентте денсаулық сақтау бойынша кодекстің жобасы талқыланып жатыр. Депутат осы жайттарға тоқталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботакөз Жақселекова мен «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов медицина қызметкерлерінің мәселелері, азаматтық қоғамның дамуының кепілі ретінде кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру және өзге де проблемаларды ортаға салды. Сондай-ақ «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жастар кеңесінің жұмысы туралы Елдос Зулкашев пен М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гауһар Молдина баяндама жасады.
Форум аясында облыс әкімдігі мен кәсіподақтар федерациясы республикалық кәсіподақтар бірлестігі ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Оңдасын Оразалин меморандумның атқарылатын жұмыстарға қарқынды серпін береріне сенім білдірді. Еңбекақы мәселесіне қатысты проблеманы шешуде кәсіподақтардың белсенділігі қажет екенін айтты.
Жиында Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар кәсіподақ мүшелерін Алғыс хат және төсбелгімен марапаттады.
Форум түстен кейін де жалғасты. Еңбек шарттарындағы жаңа талаптар, еңбек кодексінің тренді, қызмет бабын теріс пайдалану, заңсыз іс-әрекеттер, кәсіподақ жұмысының белсенділігі және өзге де проблемалар көтерілді. Жан-жақтан келген дәрігерлер ой бөлісті.