aktobe.gov.kz: “Ақтөбе облысында денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы кәсіподақ ұйымдарының I-республикалық форумы өтті”

Жұма, 20 желтоқсан күні «Тұрақты даму үшін серіктестік» тақырыбында ұйымдастырылған басқосудың мақсаты кәсіподақтардың рөлін күшейту, медицинадағы парасаттылық қағидаттарын өзектендіру,денсаулық сақтаудың өзекті міндеттерін шешуге арналған.Кәсіподақ қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен олардың белсенділігін ерекше атап өткен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин еңбек адамының мүддесін қорғауға атсалысатын жандарға алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кәсіподақтар қызметкерлеріне үлкен сенім артып, «Тәуелсіздікке жанашыр, әлеуметтік тұрақтылыққа жанашыр, әділеттілікке жанашыр, бәрінің негізін қалаушы Еңбек адамына жанашыр Сіздер – кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері» – деген болатын. Ақтөбе облысы бойынша Кәсіподақтар орталығының 130 мыңнан астам белсенді мүшелері 1175 бастауыш және 25 салалық кәсіподақ ұйымының қызметін үйлестіріп келеді. Өмірлік ұстанымдарыңыз бен ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз отандастарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған»,-деді аймақ басшысы.
Форумға «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 16 аймақтық филиалынан, «SENIM» РҚБ облыстық филиалдарының, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, «Кәсіподақ орталығы» ЖШС-нің әлеуметтік серіктестері, студенттер жалпы саны 1200-ден астам делегат қатысты. Жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов ,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботакоз Жакселекова, «Сенім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы Сапарбек Дүйсенов баяндама жасады. Өндірістегі жазатайым оқиғаларға жол бермеу, жалақы көтеру сынды мәселелер талқыланды.
Ақтөбе облысының «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби одағы 2018 жылдан бастап ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымы болып табылады. Оның құрамына 60-қа жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 23 мыңнан астам адам кіреді. Жыл басынан бері облыста 5455 меморандумға қол қойылып, 49 ірі кәсіпорынмен меморандумдар жасалған.

Айтып өтейік, облыста жыл сайын кәсіподақ ұйымдарының саны артып келеді. 2019 жылдың өзінде 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. 70-тен астам облыстық ірі және орташа кәсіпорындар мен мекемелерін ұжымдарымен кездесу өткізілген. Еңбек дауларын болдырмау және реттеу бойынша кәсіби медиаторларды, судьялар мен кәсіподақ мамандарын тарта отырып, 127 медиативтік келісім жасалған.
Форум соңында ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау ісіне әлеуметтік-экономикалық дамытудағы қосқан үлесі үшін еңбегі сіңген медицина қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелеріне ҚР Федерациясының «Кәсіподаққа сіңген еңбегі үшін» медалін, алғыс хат, «Сенім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгілерін табыстады.
Сонымен қатар, форумға келген қонақтар облыстағы ілгері дамыған медициналық технологиялық құрал-жабдықтар қойылған көрмені тамашалады.

http://aktobe.gov.kz/?q=kk/%D0%B0%D2%9B%D1%82%D3%A9%D0%B1%D0%B5-%D0%BE%D0%B1%D0%BB%D1%8B%D1%81%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D0%B0-%D0%B4%D0%B5%D0%BD%D1%81%D0%B0%D1%83%D0%BB%D1%8B%D2%9B-%D1%81%D0%B0%D2%9B%D1%82%D0%B0%D1%83-%D0%B6%D2%AF%D0%B9%D0%B5%D1%81%D1%96%D0%BD%D1%96%D2%A3-%D0%B0%D0%BB%D2%93%D0%B0%D1%88%D2%9B%D1%8B-%D0%BA%D3%99%D1%81%D1%96%D0%BF%D0%BE%D0%B4%D0%B0%D2%9B-%D2%B1%D0%B9%D1%8B%D0%BC%D0%B4%D0%B0%D1%80%D1%8B%D0%BD%D1%8B%D2%A3-i-%D1%80%D0%B5%D1%81%D0%BF%D1%83%D0%B1%D0%BB%D0%B8%D0%BA%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D2%9B-%D1%84%D0%BE%D1%80%D1%83%D0%BC%D1%8B