Казинформ: “Кәсіподақтар федерациясы мен Нұр-Сұлтан әкімдігі өзара ынтымақтастық жөнінде келісті”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Бүгін ҚР Кәсіподақтар үйінде ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновпен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесуге елордадағы отыз құрылыс компаниясының басшылары қатысты. Мемормандум елорданың жұмыс берушілері, кәсіпкерлері, кәсіподақ белсенділерімен еңбек заңнамаларының нормалары мен талаптарын орындаудағы бірлескен жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Өз баяндамасында ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов әлеуметтік әріптестер алдында тұрған басты міндеттерге тоқталып өтті. 2019 жылғы 26 қарашада болған Үкімет отырысында Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының ұжымдық шартпен қамту бойынша төменгі көрсеткішке ие өңірлердің қатарында екенін атап өткен болатын. Яғни бұл көрсеткіш 15,2%. Елордада жұмыс істеп тұрған 50 095 кәсіпорында бар болғаны 7 043 ұжымдық шартқа қол қойылған. Осыған орай федерация төрағасы жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық шарттарды бекіту бойынша жұмыста белсенділік қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол әкімдікте жалақы мен кәсіпорындардағы жарақаттану мәселелері бойынша апта сайын кездесетін арнайы жұмыс тобы бар екенін айтты. ҚРКФ төрағасы мысал ретінде «Шар-Құрылыс» және «GLB» ЖШС-терінде жалақы қарызы бойынша шешімін тапқан жағдайды келтірді. Аталған компаниялар 2019 жылдың маусымы мен қыркүйегі аралығында 747 жұмысшыға 467,5 млн. теңге қарыз болған. Қазір компания басшылығы әкімдіктің қолдауымен бұл мәселені толығымен шешті. Сонымен қоса, кездесуде бастауыш кәсіподақ ұйымының санын көбейту қажеттілігі де айтылды. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанда 467 кәсіподақ ұйымы бар. Мүшелердің саны – 123 952 . ҚРКФ төрағасының айтуынша, бұл бағытта әсіресе шағын және ортас бизнеске баса назар аударылуы тиіс. Сонымен қатар, Ералы Тоғжановтың айтуынша, өндірістік кеңестер арқылы қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Қазір бас қалада 473 өндірістік кеңес бар. Техникалық инспекторлар саны 521. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтандағы кәсіпорындарда 46 адам зардап шегіп, 11 адам көз жұмған. Сондықтан, ҚРКФ төрағасы кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақатты төмендетуге айырықша көңіл бөлінуі тиіс деді. Қала әкімі Алтай Көлгінов өз кезегінде кәсіпорындарды ұжымдық шартпен қамту бойынша шағын бизнеспен белсенді жұмыс жасау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға Кәсіптік одақтар федерациясымен бірлесе отырып қол жеткізу қажет. Алтай Көлгіновтің айтуынша, меморандум аясында елорда кәсіпорындарын ұжымдық шартпен кеңінен қамту бойынша бірлесіп жұмыс жасау жоспарланып отыр. Бұл экономикалық және әлеуметтік өсімнің негізгі факторы болып саналатын сау жұмыс күшін құруға мүмкіндік береді. «Барлығы ұжымдық шартта жазылуы керек және жұмысшының құқығы қорғалуы тиіс. Бірінші кезекте жалақы қарызына жол бермеуіміз керек және қауіпсіздік техникасының сақталуында мұқият болуымыз қажет. Біз әкімдік, кәсіподақ және кәсіпорын ұдайы бірлесіп бақылайтын боламыз»,-деп атап өтті Нұр-Сұлтан әкімі. Меморандумға қол қойған екі тараптың айтуынша, ұжымдық шартқа қол қоюдың арқасында елордада жарақаттану бойынша жағдай жақсарған. 2014 жылы 111 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 36-сы адам өлімімен аяқталған. Биыл 46 жазатайым оқиға тіркеліп, 11 адам көз жұмған. Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке кәсіподақтардың «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісін табыс етті.

https://www.qazaqparat.kz/kz/kasipodaktar-federaciyasy-men-nur-sultan-akimdigi-ozara-yntymaktastyk-zhoninde-kelisti_a3597574