Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Тарас Хитуов және Сәкен Өтебаев өңірлерге жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Ақтау Мемлекеттік университетінің кәсіподаққа мүше ұстаздарымен кездесті.
Жиында алғашқы болып сөз алған Тарас Хитуов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттары, сондай-ақ атқарылған жұмыстар мен қабылданған заңдар жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ, депутаттар «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нұрлы Жер» бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, сонымен қатар елді-мекендерге газ тарту, жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, көп балалы отбасылардың жағдайымен аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне қаржыландыру көзделгенін атап өтті.
«Әрбір Қазақстан азаматы 30 елдің қатарына қосылу үшін, болашағымызды білімге баулып аянбай еңбек етіп бір адамдай атсалысуымыз қажет»,- деп Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге Сәкен Өтебаев жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, кездесуде педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін, олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға қатысты Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында сөз өрбіді.
«Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Мейржан Туманов Мемлекет басшысының Жолдауына қолдау білдіре отырып, кәсіподақ ұйымдарына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірін білдірді.
-Егеменді ел болғаннан бергі аз уақытта еліміз жақсы деңгейге жетіп, көркейіп, қазақ елін танытып көптеген биік дәрежелерге қол жеткіздік. Әлемдік қауымдастық ел алдында «Қазақстан Республикасы» – деген асқақ рухты ел екенін барша елге мойындатты, ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі биік белеске көтерілді»,- деп кездесуді қорытындылаған депутаттар, жиналғандарға амандық тіледі.