Алматы облысының ұстаздары «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қолдау білдірді

Бүгінгі күн ұстаздар үшін маңызды және есте қаларлықтай. Себебі, көптен күткен Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданды.

Осыған орай, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Ұстаз мәртебесі-ұлт беделі» атты форумын ұйымдастырды.

Көксу ауданы, Балпық би ауылындағы Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясында өтілген шараға аудандағы білім беру мекемелерінен 200-ден астам  ұстазы қатысты.

Форум барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров сөз алып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 21 баптан, 4 бағытта тұратының айтып, ұстаздарымыздың құқығы заң аясында қорғалатынына сенім білдірді.

«Бір жылдан астам көпшілік талқылауына түсіп, қарапайым мұғалімнен бастап, барлық білім беру саласының қызметкерлері ұсыныстарын білдірді. Заңда көпшіліктің талаптары ескерілді. Ұстаздар енді өзіне тән емес жұмыстардан босатылатын болды. Заң аясында кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп, мүшелерінің құқығы қорғайтын болады»,-деді қоғамдық бірлестіктің басшысы Садық Нұрсапаұлы.

Шарада Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеумұрат Сейтнязов аудан ұстаздарын құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ал, Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Мұратбек Төлекенов өзі басшылық жасап отырған еңбек ұжымы аталған Заңның қабылданғанына қуанышты екенін жеткізіп, еңбек жолының 38 жылында мұғалімдердің жағдайын айтып, алдағы білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналған жоспардың  тиімді тұстарын сөз етті.

Орта буын өкілдері мен жас ұстаздардың атынан Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Иманбаева және аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мирас Рахымжанов аудан мұғалімдерінің алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.