Қаратал ауданының ұстаздары «Педагог мәртебесі туралы» Заңды талқылады

Алматы облысында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды насихаттау жұмыстары жүргізілуде.  Ұстаздардың қуанышын еселеген  Заң осығанға дейін Көксу және Панфилов аудандарында талқыланған болатын.

Аталған шара Қаратал ауданында жалғасып, 13 орта мектептің базасында білім саласының қызметкерлері бас қосты.

Жиынға Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров, білім беру мекемелерінің басшылары және кәсіподақ өкілдері қатысты.

Кездесуді Қаратал аудандық филиалының төрағасы Берік Абақов жүргізіп, аудандық кәсіподақ комитетіне 40 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріктіріліп, 1888 мүшені құрағанын жеткізіп,  Заң қабылданған күннен бастап,  аудан көлемінде түрлі шаралар өтілгенін айтты.

Келесі сөз кезегін алған  Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров қабылданған Заң  ұстаздардың мәртебесін арттырып қана қоймай, кәсіподақ жұмысына өзіндік ықпалын тигізетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ««Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі», – деп атап көрсетті.   Бұл – білім беру саласын жетілдіруге арналған қадам. Ұстаз деген ұлы тұлғалардың құқығын қорғау, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Заңның бағыттарын негізге ала отырып, баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді кәсіподақ басшысы Садық Нұрсапаұлы.

Шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының жасақталуына салалық кәсіподақтың атсалысқанын,  ұсыныстарды жинақтап, жоғарғы органдарға жолдағанын айтып,  Заңның қабылдануымен барша педагогтарды құттықтады.

Р. Қошқарбаев атындағы орта мектебі мен Бастөбе сервистік техникалық колледжінің  мұғалімі Алма Сағымбаева,  Аймен Аутовалар ұстаздар қауымының  атынан  алғыстарын білдіріп, Заң аясында педагогтардың құқықтары қорғалатынына сенім білдірді.