«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков бастауыш кәсіподақ күніне орай Жаркент қаласындағы Еңбекші орта мектебінің еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуде Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы бойынша ақпараттар айтылды. Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Әділұлы өз сөзінде: «2019 жылғы 27 желтоқсанда жарияланған Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы – білім саласы қызметкерлерінің құқықтары, мүдделері айқын көрсетілген құжат болып табылады. Соңғы кездері ұстаздар қауымының қоғамдық және басқа да міндеттерінен тыс жұмыстарды атқарып келетіндігі жиі айтылып келеді. Осы мәселені шешу мақсатында ұсынылған заң жобасы бүгінде қабылданып, өз күшіне енді» – деген пікірін жеткізді. Кездесу соңында Еңбекші орта мектебінің директоры Ғалымжан Рыспаев сөз алып, танымды ақпараттар айтылып, маңызды тақырыптардың талқыланғанын тілге тиек етіп, шараны ұйымдастырған «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалына алғысын білдірді. Жалпы кездесу барысында Еңбекші орта мектебінің еңбек ұжымы қабылданған заңға қатысты белсенді түрде сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы жанынан құрылған жастар Кеңесінің отырысымен жалғасын тапты. Жастар Кеңесінің атқарған жұмыстары туралы қорытынды ақпаратты мәлімдеген Кеңес төрағасы Сайранұлы Еламан жиын қатысушыларын жастар Кеңесінің мүшелерінің талқылауымен ұсынылған жылдық жұмыс жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар жастар Кеңесінің отырысында Кеңес мүшелері жылдық жұмыс жоспарына қатысты өз ойларын білдірді. Оның ішінде жастар Кеңесінің мүшесі Зухра Ашимова: «Бүгінде елімізде жас мамандарды қолдауға көптеген бағдарламалар жүйеленіп келеді. Сол себепті осы бағдарламаларды насихаттау және түсіндіру жұмыстарына өзіндік үлес қосу мақсатында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңын, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жас мамандар арасында талқылауды және осыған ұқсас өзге де іс-шараларды жылдық жұмыс жоспарына енгізіп отырмыз» – деп сөйледі.
«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының жанынан құрылған жастар Кеңесінің отырысында аталған Кеңестің 2020 жылға арналған жылдық жұмыс жоспары мақұлданып, бекітілді.