Алматы облысында жылдық жұмыс қорытындыланды

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жоспарға сәйкес Атқару комитетінің отырысын өткізді.

Шараға атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық филиалдардың және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Күн тәртібінде Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының 2019 жылы атқарған жұмысының қорытындысы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалдарындағы жарғылық мақсат-міндеттерінің орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Жиында облыстық ұйым төрағасының орынбасары Самал Бакирова сөз алып, өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Онда 2019 жылы атқарған жұмыстарды саралап,  өтілген ауқымды шараларға тоқталды.

«Кәсіподақ ұйымының негізгі бағыттары бойынша жыл басынан бері 840 шара ұйымдастырылды. Оған аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмылдырылды. Жалпы кәсіподақтық алқалы жиындары тұрақты өтіп, оқу семинарлары барлық аудандарда жүргізілді. Кәсіподақ мүшелері кезеңдер бойынша сауықтырылуда. Аталған шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарына 1 363 мақала жарияланды»,-деді өз сөзінде төрағаның орынбасары Самал Бағдатқызы.

Екінші мәселе бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті және Кербұлақ аудандық филиалының төрағалары Ерлан Хаймулданов пен Жақан Дуанаевтың есебі тыңдалып, атқарған жұмыстарына оң баға берілді.

Қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров қаралған сұрақтарды қорытындылап, қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңының негізгі бағыттарына тоқталып,  алдағы уақытта ұстаздардың мәртебесі көтерілетініне сенім білдіріп, өткен жылдың көктемінде ұйымдастырылған «Ұстаз болғым келеді…» шығармалар байқауының жеңімпаздары өзге оқу орындарына түсуіне байланысты іріктеу кезеңінің ІІ орын иегері, бүгінгі күні І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Салық Арнагүлге облыстық ұйымның шәкіртақысын тағайындап, сертификатын табыс етті.