egemen.kz: “Еңбек адамдарының мүддесін қорғайтын меморандум бекітілді”

Nur Otan партиясы мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Кәсіподақтар федерациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған құжатқа қол қою­дағы басты мақсат – елімізді әлеу­меттік-экономикалық жаң­ғы­р­туға, қыз­мет­керлердің әлеу­меттік-эконо­микалық және еңбек құқықтары мен мүдде­лерін қорғау жүйесін да­мыту­ға бағытталған бірлескен іс-қимыл­дарды жүзеге асыру. Тарап­тар осы бағыттағы жүйелі өзара іс-қимыл мен сындарлы ынты­мақ­тастықты қамтамасыз ету үшін екіжақты келісімге келді.

Жиында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ұйымның әлеу­мет қамын жеп, жұртшылық мүд­десін көздеуде мақсаттарының тоғы­сатын тұс­тары көп екенін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тұң­ғыш рет кә­сіби мереке ретінде енгі­­зілген Кәсіп­одақтар күнінде «Қазіргі кәсіподақтардың қозға­лыс­­тары еңбеккерлердің жұмыс ор­нын­дағы құқықтары мен еңбек қауіп­сіздігінің сақталуын, лайық­ты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдік­тер алуын қамтамасыз етеді», – деп атап өткен болатын. Осы ретте Nur Otan партиясы әрқа­­шан қазақстандықтардың еңбек құқық­тарын қорғауға ерек­ше кө­ңіл бө­луде. 2019 жыл­дың қоры­­тын­дысы бойынша пар­тияға 217 мың­нан аса арыз-шағым түскен, оның 3 мың­нан астамы еңбек заңнамасы, жала­қының уақ­тылы төлен­беуі, заңсыз жұмыстан шығару мә­селелеріне қатысты. Яғни, қыз­мет­кер­лердің еңбек құқық­тары бо­йын­ша мәселелер біздің ел үшін өте өзекті.

Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «партия қарапайым адамдардың, мұға­лімдердің, дәрігерлердің, өнер­кәсіптік кәсіпорын еңбек­керлерінің мүдделерін қорғауы қажет» деп атап өткен болатын. Осы бағыт­та заңның үстем­дігін, жұмысшы­лар­дың құқық­тары мен бостан­дықтарын қамта­масыз ету бойын­ша жұмыс­тарды жалғастыру үшін Nur Otan партия­сы еліміздің ең ірі кәсіп­одақтар ұйымы – Кәсіп­одақтар федерация­сымен өзара ынты­­мақ­тастықты одан әрі дамытуға келісті», деді партия Төраға­сы­ның бірінші орынбасары.

Бүгінде елімізде жұмыс істей­тін адамдар саны 9 мил­лионнан асса, олардың 2 миллионы Қазақстан Кәсіподақтары феде­­р­а­ция­сының қатарында. Ал 600 мың­нан астамы Nur Otan пар­тия­сының мүшелері. Сондық­тан жұмыс істейтін аза­маттар­дың өзекті мәселелерін шешу, олардың құқықтары мен мүдде­лерін қорғау – партия мен кәсіп­одақ­тар қызметіндегі басым бағыт­тардың бірі.

Өз кезегінде Қазақстан Кәсіп­­одақтар федерациясының төр­ағасы Ералы Тоғжанов екіжақты ме­морандумға қол қоюға келісім берген партия басшылығына алғысын білдірді.

«Nur Otan – нақты істердің пар­тиясы. Халықтың жанашыры, әлеу­меттің жаршысы болып отырған ең ірі, беделді партия­­мен осындай құжатқа қол қоюға келіп отырмыз. Өздеріңіз білесіз­­дер, 2012 жылдың өзінде Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына байланысты үлкен мәсе­лелерді көтерген болатын. Сол сұрақтардың барлығы бүгін де күн тәртібінде тұр. Сон­­­дық­­тан еңбек адамының мәр­те­­бесін, беделін кө­теруге тиіс­тіміз. Партиямен көпте­ген сұрақ­­тарымыз ортақ. Педа­гог мәрте­­бесіне байланысты көпте­ген сұрақ талқыланды. Біз енгіз­ген ұсыныс­тардың нақты 14-і қабыл­­дан­ды. Сол сұрақтардың ішінде қан­шама шешімін тапқан мәселелер осы жерде Nur Otan партия­сы аясында өткен отырыс­тан ке­йін жанданды деп айтсам артық емес», деді Ералы Тоғ­жанов.

Жұмыспен қамту бағыты бойынша партиялық куратор алаңында осы саладағы көптеген мәсе­лені көтеріп, оларды шешуге ықпал ету көзделуде. Соны­мен қатар пар­тия жұмысшы­лар­дың еңбек құқық­тары мен мүд­делерін көздеу, ішкі еңбек нары­ғын қорғау бойынша пар­тиялық және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға бел буып отыр.

Келесі бір бағыт – партияның қоғамдық қабылдаулары мен кәсіп­одақтардың «Татуласу ор­та­лық­тары» арқылы жұмыс­кер­лердің нақты мәселелерін шешу. Алдағы жұмыстарға Jas Otan жастар қанатының және «Келешек» кә­сіп­одақ жастар кеңесінің белсенділері де тартылатын болады.

Аталған жұмысқа Nur Otan пар­тия­­сының Мәжілістегі және бар­лық деңгейдегі мәс­ли­хат­тар­­дағы фракциялары жұ­­мылды­рылмақ. Қазіргі кезде кә­сіподақ ұйымдарының об­лыс­тық деңгейдегі 10 өкілі, ау­дан­дық және қалалық деңгей­дегі 16 өкілі Nur Otan партиясы аты­нан мәслихат депу­тат­­тары болып табылады. Ал­да­ғы сай­лау­да өңірлердегі мәслихаттардағы кә­сіп­одақтардың өкілдігі ұлғайтылмақ.

https://egemen.kz/article/219774-enhbek-adamdarynynh-muddesin-qorghaytyn-memorandum-bekitildi