Еңбеккерлер құқығы – бақылауда. Бүгін «Nur Otan» партиясы мен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бауыржан Байбек мұндағы басты мақсат – қызметкерлердің еңбек құқықтарын бірлесе отырып қорғау екенін атап өтті. Бүінгі күні «Nur Otan» партиясы қоғамдық қабылдауында жұмыста зәбір көріп, айлығын ала алмадым деп шағымданатындардың қарасы қалың.
Бауыржан БАЙБЕК, “NUR OTAN” ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Партияға 217 мыңнан аса арыз-шағым түскен, оның 3 мыңнан астамы еңбек заңнамасы, жалақының уақтылы төленбеуі, заңсыз жұмыстан шығару мәселелеріне қатысты. Яғни, қызметкерлердің еңбек құқықтары бойынша мәселелер біздің ел үшін өте өзекті. Өз кезегінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов екіжақты меморандумға қол қоюға келісім берген партия басшылығына алғыс айтты. Және алдағы ортақ жұмыстың жемісті болатынына сенімділік білдірді.
Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 2012 жылдың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына байланысты үлкен мәселелерді көтерген болатын. Сол сұрақтардың барлығы бүгін де күн тәртібінде тұр. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін, беделін көтеруге тиістіміз. Партиямен көптеген сұрақтарымыз ортақ.
https://astanatv.kz/kz/news/53390/