baribar.kz: “Nur Otan жұмысшылар мүддесін кәсіподақтармен бірге қорғамақ”

Nur Otan партиясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжаттың басты мақсаты – қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау жүйесін дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимылды жүзеге асыру.

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ұйымның жұртшылық мүддесін қорғаудағы мақсаты ортақ екенін айтты.

Nur Otan әрқашан қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға ерекше көңіл бөледі. 2019 жылдың қорытындысы бойынша партияға 217 мыңнан аса арыз-шағым түскен, оның 3 мыңнан астамы еңбек заңнамасының бұзылуына, жалақының уақтылы төленбеуіне, қызметкерлердің жұмыстан заңсыз шығарылуына қатысты, яғни қызметкерлердің еңбек құқығы бойынша мәселелер біздің ел үшін өте өзекті. Заңның үстемдігін, жұмысшылардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру үшін Nur Otan партиясы еліміздің ең ірі кәсіподақтар ұйымы – Кәсіподақтар федерациясымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Партияның мәліметінше, бүгінде елімізде жұмыс істейтін адамдар саны 9 миллионнан асса, оның 2 миллионы Кәсіподақтар федерациясының қатарында. Ал 600 мыңнан астамы – Nur Otan партиясының мүшеcі. Жұмыс істейтін азаматтардың өзекті мәселелерін шешу, олардың құқығы мен мүддесін қорғау – партия мен кәсіподақтар қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов екіжақты меморандумға қол қоюға келісім берген партия басшылығына алғыс айтты.

Nur Otan – нақты іс партиясы. Халықтың жанашыры, әлеуметтің жаршысы болып отырған ең ірі, беделді партиямен осындай құжатқа қол қоюға келіп отырмыз. 2012 жылдың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына байланысты үлкен мәселелерді көтергенін білесіздер. Соның бәрі бүгін де күн тәртібінде тұр. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін, беделін көтеруге тиіспіз. Партиямен көп ісіміз ортақ. Педагог мәртебесіне байланысты көп мәселе талқыланды. Біз енгізген ұсыныстардың нақты 14-і қабылданды. Солардың ішінде қаншама шешімін тапқан мәселелер осы жерде Nur Otan партиясы аясында өткен отырыстан кейін жанданды, – деді Ералы Тоғжанов.

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жуырда Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында “Доссормұнайгаз” кәсіпорны қызметкерлерімен кездескен еді. Онда мұнай саласы жұмысшыларының жалақы мәселесі мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жайы сөз болды. Сапарда дәрігерлердің мәртебесін арттыру мен құқығын қорғау мәселесі де көтерілді.

Партия осы мәселелерді шешуге және ішкі еңбек нарығын қорғау үшін партиялық және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға бел буып отыр. Жұмыскерлердің нақты проблемасы партияның қоғамдық қабылдаулары мен кәсіподақтардың “Татуласу орталықтары” арқылы да қаралады. Бұл жұмысқа саяси ұйымның Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциясы, Jas Otan жастар қанаты және “Келешек” кәсіподақ жастар кеңесі тартылады.

Қазіргі кезде кәсіподақ ұйымдарының облыстық деңгейдегі 10 өкілі, аудандық және қалалық деңгейдегі 16 өкілі – мәслихаттарға Nur Otan атынан депутат. Алдағы сайлауда мәслихаттардағы кәсіподақ өкілдерінің қатары көбейеді.

https://baribar.kz/121522/nur-otan-zhumysshylar-muddesin-kasipodaqtarmen-birge-qorghamaq/