Алматы облысында жас ұстаздар «Педагог мәртебесі туралы» заңға қолдау білдірді

Алматы облысында аудандық, қалалық филиалдардағы жастар Кеңесінің төрағалары мен белсенді жастардың қатысуымен білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған жастар Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жас ұстаз арасында насихатталуы, Жастар жылында кәсіподақ жанынан құрылған жастар Кеңесінің  атқарған жұмысының қорытындысы туралы және Жастар Кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту сынды мәселелер қаралды.

Шарада Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Самал Бакирова сөз алып, күн тәртібіне сәйкес жас ұстаздарға «Педагог мәртебесі туралы» Заңды таныстырып, бағыттары мен баптарын түсіндіріп,  насихаттау жұмыстарын жандандыратынын айтты.

Кезекті мәселе бойынша облыстық жастар Кеңесінің төрағасы Маржан Қайратқызы баяндама жасап, аудандық, қалалық деңгейде жас ұстаздармен жүргізілген жұмыстарды саралап, қорытындылады.

«2019-2020 оқу жылында облыс көлемінде жастар саны 700 ұстазбен толықты. Жастар Кеңесінің ұйтқы болуымен 70 шара өтілді. Онда жастар Кеңесінің отырыстары, кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, мәдени-көпшілік шаралар, қайырымдылық акциялары, спорттық жарыстар мен байқаулар   ұйымдастырылды және бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты жарияланды. Нәтижелі  шараларды биылда жалғастырмақ ниеттеміз»,- деді баяндамасында Маржан Жұмабек.

Жастар жылында атқарылған жұмыстарға Ескелді және Қаратал аудандарындағы жастар Кеңесінің төрағалары Қайрат Қуанышбаев, Әйгерім Шынтемірова өздерінің ойларын білдіріп, оң баға берді.

Жас ұстаздар 2020 жылға арналған жастар Кеңесінің жоспарымен танысып, ұсыныстарын білдіріп, Волонтер жылында да ауқымды шаралар ұйымдастырылып, педагогтардың мәртебесін арттыруға ықпал ететіндіктерін жеткізді.