Келісу комиссиясы – жеке еңбек дауын реттеудің басты құралы

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің мамандары өңірдегі ең ірі өндірістік кәсіпорын – «Казфосфат» ЖШС-нің жаңа Жамбыл фосфор зауыты филиалында кәсіпорынның жеке еңбек дауларын қарайтын келісу комиссияларының мүшелеріне семинар өткізді. Бұл семинарға фосфор зауыты кәсіподақ комитетінің төрағасы Ш.Байғанов, комиссия мүшелері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.

Семинарды Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Қараулов өткізді. Жиында әңгімеге арқау болған негізгі мәселе – қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес жеке еңбек дауларын қарайтын  келісу комиссиясын құру, жеке еңбек дауларын қарау тәртібі және кәсіпорын мысалында жеке еңбек дауларының шығу себептері мен оларды талдау болды.

Қазақстан Республикасының 2015 жылы 23 қарашада қабылданған Еңбек кодексіне сәйкес қызметкер өзі қызмет атқаратын ұйым немесе кәсіпорында орын алған жеке еңбек дауы бойынша сот органдарына жүгінуден бұрын алғашқы кезекте жеке еңбек дауларын қарайтын келісу комиссиясының шешімін алуы тиіс. Аталған шешім орындалмаған немесе шешіммен келіспеген жағдайда жұмыскер сот органдарына жүгінуге құқылы. Мұндай міндетті талап өз кезегінде орын алған жеке еңбек дауын мүмкіндігінше ұжым ішінде тараптардың бірлесіп, келісе отырып өзара шешуіне мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар еңбек заңнамасы бойынша келісу комиссиясы отырысына куәгерлерді, техникалық және бухгалтерлік тексерулерді жүргізу үшін мамандар мен делдал да шақыруға құқылы деді Б.Қараулов.

Семинарға қатысушылар кәсіпорында орын алған жеке еңбек дауларына да тоқталып, оларға талдау жүргізді. Оның ішінде кәсіпорынның келісу комиссиясынан ауыр, зиянды немесе аса ауыр еңбек жағдайларында жұмыс атқарған азаматтардың кәсіби ауруға шалдығу салдарынан жұмыс берушіден моральдық өтемақы сұрап арыздануы, өндірісте жазатайым оқиға салдарынан мүгедектік алған қызметкердің ЖОО-да оқыған оқу шығынын өндіру сияқты арыздарын талқыға салды.

Жиын соңында спикер келісу комиссиясы мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, мұндай басқосулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.