Химик-технолог Маржан Досмағамбетова: “Корпоративтік әлеуметтік келісім бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтеді”

Кәсіподақтар федерациясы еңбек өнімділігін қарқынды арттыру бағытында жұмысшылардың әлеуметтік қорғау мәселесін үнемі назарда ұстап келе жатыр. Федерация тарапынан еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, лайықты еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қорғауға қатысты атқарып жатқан жұмыстарын БАҚ-тан,әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқып отырамын.

Өзім бизнес саласында жұмыс істейтін болғандықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты мәселелерге көңіл бөлінгенін қалаймын. Әсіресе, еліміздегі жер асты қазба байлықтарын игеріп, жұмыс істеп отырған ірі компаниялар сол жердің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамтып, олардың тұрмыс жағдайларына баса назар аударып, әлеуметтік жауапкершіліктерін ұмытпауы керек. Осы тұрғыда ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» Консорциумы арасындағы корпоративтік әлеуметтік келісімге қол қойылғанын жұмысшылардың жағдайын жақсартудағы тиімді қадам деп санаймын.

Құжатқа қол қойылғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аталған компания бас директоры Э.Блом « ҚПО-да еңбек ететін 4 мың, сондай-ақ, компанияға қарасты мердігерлік ұйымдарындағы 15 мың адамның ішінде жергілікті кадрлар үлесі 96 пайыз, басқарушы құрамда 76 пайыз» деді. Егер ірі компаниялар мамандарды сырттан әкелмей, жергілікті кадрларды жұмысқа алса, жағдайын жасаса, жұмыссыздық та азаяр еді, компанияға деген халықтың сенімі де ұлғаяр еді. Аталған келісімде осы мәселелер де қамтылған екен. Бұл туралы ҚР Федерация төрағасының міндетін атқарушы С. Дәулеталин «Астана» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында толыққанды жауап берді. Әсіресе маған соңғы кездері жиі көтеріліп жүрген еңбекақыны индексациялау, көпбалалы отбасыларға материалдық

көмек көрсету, шипажайларға сауықтыруды төлеу сияқты мәселелердің келісімде қарастырылғандығы көңілімнен шықты. Федерация әлеуметтік әріптестік негізінде осындай келісімдерге қол қою арқылы қарапайым еңбек адамдарының жағдайын жақсартуға бастамашы болғанын қолдаймын.