Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жыл сайынғы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін сән-салтанатпен қарсы алды.
Қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен мереке қарсаңында салтанатты қабылдау өтті. Мерекелік шараға өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына өзіндік үлесін қосып, сонымен қатар, педагогтердің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға атсалысып жүрген кәсіподақ белсенділері, сала ардагерлері мен мекеме басшылары шақырылды.
Алматы облыстық кәсіподақ ұйымының басшысы Садық Әбдіқадыров құттықтау сөзінде бірлестіктің атқарған жұмысына тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті. «Отбасының ұйытқысы бола жүріп, ұстаздық жолында сіңірген еңбектеріңіз, жас ұрпақты тәрбиелеуде, сапалы білім беруде атқарған жұмыстарыңыз баршылық. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың беделі артып, құқықтарыңыз заң аясында қорғалады. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымы сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға басымдық беріп, аянбай еңбек етеді», – деді Садық Нұрсапаұлы.
Салтанатты қабылдау барысында бірқатар кәсіподақ үздіктері жоғары, кәсіптік-техникалық және орта білім беру жүйесіндегі көпжылғы еңбектері мен шығармашылық табыстары, өңірдегі кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлестері үшін «Қазақстандық білім және ғылым қазметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова мерекеге орай ұстаздар қауымына ізгі тілектерін білдіріп, кәсіподақ белсенділеріне Құрмет грамоталарын тапсырды.
Сонымен қатар, облыс орталығы – Талдықорған қаласы, № 14 орта мектеп-гимназиясының ұстазы, баспанаға мұқтаж Мақпал Әлімбатыроваға 1 млн. теңгенің тұрғын үй сертификаты табыс етілді.
«Тұрғын үй сертификаты – бюджет саласы қызметкерлеріне көрсетілген жақсы қолдау. Мен 13 жыл бойы мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Отбасымыздың күшімен үй алуға тырысып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы ретінде депозит ашып, бастапқы жарнаны жинай бастадық. Мереке қарсаңында кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, 1 млн. теңгенің сертификатына ие болдым. Жуық арада баспаналы боламын деп үміттенемін және облыстық кәсіподақ ұйымына шексіз алғысымды білдіремін», – деп Мақпал Бердіғазықызы алғысын білдірді.
Шара соңында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері, өнерпаз жастар қыз – келіншектердің құрметіне арнап ән мен күйден шашу шашты.