Үкімет 431 мың жаңа жұмыс орнын ашпақшы

Елбасының халыққа арнаған Үндеуіне сәйкес Үкімет қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтауға ерекше назар аударатын болады.
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі жұмыс орындарын сақтаумен қатар 431 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті тұрғанын айтты.
“Осыған орай, Үкімет тарапынан 300 млрд.тг. қарастырылып “Жұмыспен қамту” жол картасы әзірленді.
Осыған орай, мекеме басшыларын, бизнес қоғамдастығын жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қысқартуға жол бермеу арқылы әлеуметтік келеңсіздіктердің алдын-алуға шақырамын”,-деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, үкімет басшысының орынбасары медициналық маскалар мәселесі үкіметтің тұрақты бақылауында тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда күніне 365 мың маска шығарылады. Алдағы мақсат – күніне 1 млн. данаға көбейту.

Ералы Тоғжанов сонымен қатар, қазір Үкімет тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус індетінің еліміздің басқа өңірлеріне таралуына тежеу жасау үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кіріп-шығу шектеледі. Наурыз айының 22-нің 00-сағатынан бастап аталған екі қаламен әуе, теміржол, автобус арқылы адам тасымалы тоқтатылады.
22-не дейін азаматтарға Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына еркін келуге немесе кетуге болады.

Сонымен қатар, өндірістік товарлар сататын және ойын-сауық орталықтары, мәдениет, тамақтану және қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бұрынғы тәртібінде жұмыс істейді.

Қазақстан Президентінің шешімімен мемлекеттік қызметшілердің 70% қашықтықтан қызмет ету тәртібіне өтеді.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының меншік түріне қарамастан барлық басқа мекемелерінің жұмысы қашықтықтан қызмет ету тәртібіне өтеді.

Бұл шаралардың негізгі мақсаты – әр азаматтың өз үйінде болуын, басқа адамдармен қарым-қатынасын толығымен шектеуді қамтамасыз ету.

Үкімет тарапынан азық-түлік пен халыққа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету жолдары толығымен қаралған. Бұл жұмыстарға 32 млдр.тг. астам бөлу жоспарлануда.

Үкімет сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында салықтардың бірқатар түрінен жеңілдіктер қарастырып отыр.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін (сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер) жеке мүлікке төленетін салықтарды және салықтар бойынша қарыздарын төлеу уақытша тоқтатылады.

Жалпы тәртіпте жұмыс істейтін 72 мың кәсіпкерді жылдың аяғына дейін 10%-дық жеке табыс салығынан босатылады.
Бұл шаралар қаржы жағдайы нашарлаған бизнес өкілдерін қолдау үшін жасалып отыр.

Бүгінгі таңда елімізде 49 факт тіркеліп отыр, оның ішінде жаңадан 3-уі Алматы қаласында және 2-уі Қарағанды облысында. Республикада өлім жағдайлары жоқ.