Ақтөбедегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының мүшелері онлайн жаттығуда

Ақтөбе облысының барлық спортшылары бүгінгі күні онлайн режимдегі жаттығуларға көшті. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының 815 мүшесі 32 жаттықтырушымен онлайн жүйеде жаттығуларын үйлерінде жалғастыруда.

Мұнда спорттың 22 түрінен жаттығу жүргізіледі. Спорт клубының мүшелері үстел теннисі, жеңіл атлетика т.б спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстарда басты жүлделерге ие болып жүр. Республика бойынша жетістіктерімен 1-ші орында тұр.

Клубтың басты жаңалығы – Манчестерде өткен Əлем чемпионатында пауэрлифтингтен Гүлсім Құрманбекова 1-ші орынды иеленді. Ол Токиода өтетін олимпиада ойындарына лицензия алды. Осындай үлкен жетістіктері бар спорт клубының мүшелері бүгінде қиындықты сабырлық, төзімділікпен жеңетінімізге өз істермен жігерлеріндіріп, басқаларға үлгі болып отыр. Ал бүгінгі күні мектеп спортшылары жаттықтырушыларының тапсырмаларын орындап, үйлерінде уақыттарын тиімді өткізіп, дені сау тұрғындарымызға салауатты өмір салтын насихаттай білуде.

Ақтөбе облысы мәдениет, спорт жəне ақпарат қызметкерлерінің салалық кəсіподағының төрайымы Нəзира Табылдинова: – “Спорт клубының бастауыш кəсіподақ ұйымымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Біздің спортшыларымыз талай байрақты бəсекелерде топ жарып, биіктерден көрініп жүр. Кəсіподақ ұйымы олардың түрлі жарыстарға қатысуына да үлес қосады. Қазіргі қиын кезде осындай қажырлық пен төзімділік танытып, спорттан бір сəт қол үзбеген бастауыш ұйым мүшелеріне ризашылығымызды білдіреміз” – дейді.

#Бізбіргеміз
#Еңбекадамынарахмет
#үйдеболыңыз