Қуыршақ театры көрермендерімен бірге!​ ​

​Балалардың рухани қазынасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қуыршақ театры елдегі төтенше жағдай кезінде де өз көрермендерін қуантуда. Тәрбиесі мол түрлі қойылымдармен бүлдіршіндерімізді бақытқа бөлеп жүрген өнер ұжымы күн сайын сағат 16.00-де «Қолдан қалай қуыршақ жасауға болады?» атты шеберлік сағатын, 17.00-де онлайн сұхбат, 22.00-де түнгі ертегілер айдарын өткізіп, саф өнерді сүйетін қауымға шаттық сыйлап келеді. Сондай-ақ, достықты, ерлікті, адалдықты, адамгершілікті дәріптейтін ертегілердің аудиожазбасын және театрдың YouTube арнасында әртүрлі спектакльдерді жұрт назарына ұсынып жүр. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Сонымен қатар, елордалық қуыршақ театры карантин кезінде «Егемен Қазақстан» газетімен бірлесе «Балаларға базарлық» ​ атты жобаны қолға алды. Аталмыш жоба нәтижесінде кешкі сағат 19.00-де ​ Egementv YouTube арнасында кішкентай көрермендерімізге қазақ халқының ертегілерін тыңдауға тағы бір мүмкіндік туды. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы қуыршақ театры Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері Құралай Ешмұратовамен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Ғани Құлжанов, театр әртістері «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Мағзым, Дархан Мүсілов, Нұржан Ахметов, Айжан Садықова, Дамир Утеев, Қарлығаш Танабаева, Әбілхайыр Сәлімбаев, режиссер Айжан Салаева және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежембекпен онлайн сұхбат өткізді.

«БІЗ БІРГЕМІЗ» акциясы аясында театр басшысы Тоғжан Ескендірқызы бастаған театр ​ ұжымы және кәсіподақ мүшелері өздері қолдан тіккен 950 бетперде мен азық-түлікті мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге тегін таратты. Театрдың басты мақсаты сын сағатта қол ұшын созып, қолдау көрсету», – дейді театр актері, ҚР «Мәдениет қайраткері» Досымхан Бейсенбаев.​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
Иә, бала тәрбиесінің бесігі саналатын қуыршақ театры қашанда қалың жұртымен бірге. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндер, қуыршақ театрынан өнеге алып, бой түзейді. Дәл қазіргі саулықтың сыналар шағында, сақтық шарасын сақтап, балаларыңызбен үйде болыңыздар! ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​