Індетпен күрескен дәрігерлерге қолдау көрсетілуде

Елорданың ақ халатты абзал жандары коронавирус індетімен күресуде қолдан келген барлық көмектерін жасап жатыр.

Бүгін “Қалалық фтизиопульмонология орталығы” ЖХФ МКК бастауыш кәсіподақ ұйымы «Hilton Astanа» қонақ үйіне орналастырылған қауіпті індетті жұқтырғандар және олармен байланыс жасаған азаматтарға ем жасап жүрген дәрігерлер үшін #Bizbirgemiz бірыңғай республикалық ақциясы аясында қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта «Hilton Astana» қонақ үйіне ​ барлығы 306 ем алушы орналастырылған. Бастауыш кәсіподақ ұйымы қауіп кезеңінде жүрген дәрігерлердің кәсіподақ мүшелігіне және жұмыс орнына қарамастан барлығына дерлік жеміс-жидектер апарып таратты.

Осындай акция аясында, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің “№11 қалалық емханасы” ШЖҚ МКК бастауыш кәсіподақ ұйымы “Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” РҚБ қолдауымен ​ әлеуметтік көмекке мұқтаж қызметкерлерін аралап, азық-түлік себеттерін тапсырды. Бірінші кезекте жалғыз басты аналар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы және жас отбасылар қамтылды. ​

Айта кетерлігі, осыған дейін “Нұр-Сұлтан көпбейінді ауруханасындағы” ШЖҚ МКК» карантиндік стационардың қызметіне қатысатын барлық қызметкерлері 375 мың теңгеден астам сомаға мультивитаминдермен қамтамасыз етілді.

“SENIM” орталық аппаратының қаражаты есебінен қолдауға зәру болған 6 кәсіподақ мүшелеріне 250 мың теңге көлемінде медициналық көмек көрсетілді. Қалалық “SENIM” филиалының есебінен 32 мүшесіне 50 мың теңге көлемінде, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне көмек көрсетілді.