Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын қорытындылай отырып, Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығы дайындаған материалды ұсынамыз.
Мерей Қобыланұлы Сисенов – Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында 1992 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 2010жылы Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында Маршал Əбдіхалықов атындағы орта мектебін бітірді.
Сол жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түседі. 2010-2015жж. аралығында “Қоғамдық денсаулық сақтау” факультеті бойынша 5 жыл бойы санитарлық-эпидемиологиялық саласында жоғары білім нəрімен сусындап шығады.
2015ж. тамыз айында “Маңғыстау облыстық ауруханасында” дəрігер эпидемиолог маманы болып, алғашқы еңбек жолын бастаған. Қазіргі дейін аталған медицина мекемесінде қызмет істейді. Еңбек өтілі – 5 жыл. Сонымен қоса Облыстық Онкологиялық диспансерінде 2017ж. ақпан айынан бастап дəрігер эпидемиолог маманы болып жұмыс атқаруда.
Медицина саласын таңдауға отбасында бірден-бір себепші болған – əжесі, “адамның ең басты байлығы – денсаулығы” деген қағиданы үнемі айтып отырады, содан болар медицина саласына қызығушылығы артқан.
Қазіргі таңдағы жаһандық індетке айналған коронавирустық инфекциясы екені баршамызға аян. Аталған аурумен күресу жолында қызмет атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің аса қауіпті ауруды жұқтырып алмауы үшін, дəрігер эпидемиолог маманының атқарар қызметі мен жауапкершілік жүгі ауыр.
Пандемия кезіндегі дəрігер эпидемиологтың ең басты міндеттеріне қорғаныш костюмдерінің дұрыс талапқа сай киілуі мен шешілуіне бақылау жүргізу, дезинфекциялық тəртіптің қатаң сақталуы, медицина қызметкерлерін мед.бақылауға алу жəне т.б. кіреді.
Таңның атысы,күннің батысына дейін тыным таппай, еңбек етіп жүрген Мерей Қобыланұлы бұл қиындықтардың да артта қаларына, науқас жандар сауыққан кезде ерен еңбектің ақталарына сенімді. Сол сенім оны алға жетелейді, ерік-жігері қалаған мамандығына деген құрметін арттырады.
#ЕлҮмітінАқтаған #АқХалаттыАбзалЖан# ҚРКФ #BizBirgemiz